Париж-2024: Бүгін қазақстандық спортшылар садақ ату, дзюдо және бокстан сынға түседі. - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж-2024: Бүгін қазақстандық спортшылар садақ ату, дзюдо және бокстан сынға түседі.

01.08.2024

Бүгін Париж Олимпиадасындағы жарыстардың алтыншы күні. Соңғы үш күннен бері, өкінішке қарай, қоржынымызға бір де бір медаль түспеді. Дегенмен үміт үзбейміз. Күндіз және кешке біздің спортшылар садақ ату, дзюдо және бокстан сынға түседі.

Кешегі жарыстардың да нәтижесіне қысқаша тоқтала кетейін, үстел теннисінен ерлер арасында сынға түскен Кирилл Герасименко мысырлық спортшыдан 2:4 есебімен жеңілді. Спортшымыз жарысты жақсы бастағанымен, ойынның бел ортасында қарсыласы тактиканы өзгертіп, жерлесімізден айласын асырып кетті. Айта кету керек, үстел теннисі – олимпиадалық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалдарының бірі. Сондықтан болса керек, ойынды тамашалауға атақты француз футболшысы Зинедин Зидан келді. Біздің туризм және спорт министрі Ермек Маржықбаевты да көзіміз шалды.

Стенд атудан Мария Дмитриенко да финалдық кезеңге шыға алмады. Ол екінші іріктеу кезеңінде 120 ұпай жинап, 10-орынға тұрақтады. Бұған дейін 57 келі салмақ дәржесінде жұдырықтасқан боксшымыз Махмұд Сабырхан да испаниялық қарсыласына жол берген еді. Соңғы үш күнде ел қоржынына бір де бір медаль түспеді. Енді бүгін спортшыларымыздың асығы алшысынан түссін деп тілейміз. Жеңісті күндер көп болсын!


Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу