Елімізде жыл сайын 300-ден астам адам сүйек кемігін трансплаттауды қажет етеді. Алайда науқастарға дер кезінде донор табу мәселесі өзекті. Отандық дәрігерлер Қазақстанда табылмаған донорды шетелден де іздейміз,- дейді. Өйткені сәйкес донорды табуға жарты жылға дейін уақыт кетеді екен.
Былтыр күзде ғана дүниеге келген Сабринаның 4 айлығында жөтелі қозып, ыстығы көтеріле бастаған. Ата-анасы бірден емханаға апарыпты. Ондағы дәрігерлер «балаға тұмау тиген»,- деп қайтарады. Алайда сырқаты асқынып, екі аптадан кейін ол жансақтау бөліміне бір-ақ түскен. Содан кейін ғана аққан деген диагноз қойылыпты.
Дильноза Азымкулова, Сабринаның анасы:
7 ақпанда келгенбіз. Осы уақыттан бері емделуді бастадық. Қазір өзгерістер өте күшті. Дәрігерлер жақсы қарайды.
Сабринаға донор өзінің әкесі болған. Алайда барлық науқасқа жақыны көмектесе алмайды. Туыстардың 100 пайыз донор болу сәйкестігі небәрі 25 пайызға жетер - жетпес, - дейді дәрігерлер. Сүйек кемігінің трансплантациясы, яғни пациентке донордың жасушаларын енгізуге 3 сағат уақыт кетеді. Ал артылған жасушаны мұздатып, қайта пайдалануға болады.
Қуаныш Үмбетов, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі:
Түгел қатырып тастаймыз. Тереңдетілген қатырғышта -196 градуста олар 5-10 жылға дейін жата береді. Кейін трансплантация қайтадан керек болатын болса, сол клеткадан алып құя беруге болады.
Донор болуға келіскен адам ең алдымен қан орталықтарына барып, қан тапсырады. Зертханада олардың антигендеріне қатысты мәлімет түгел тіркеледі. Осылайша ауруханаға түскен науқасқа сәйкес келетін донорды дәрігерлер дәл осы бағаналы жасушалардың тізімі арқылы іздеуге кіріседі. Бүгінде еліміз бойынша 11 мыңға жуық адам донор ретінде тіркелуге келісім беріпті.
Жүніс Гүлжанат, Ұлттық ғылыми онкология орталығының гематолог дәрігері:
Егер Қазақстанда толық сәйкес келетін донор табылса, онда трансплантация осы центрде жасалады. Егер шетелден донор табылса, онда Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы комиссия құрылады. Сол комиссияның шешімімен науқас шетелге жіберіледі. Ол бәрі мемлекет тарапынан жасалады.
Бүгінде халықаралық донорлар тізімінде 35 миллион адам бар. Ал елімізде жыл сайын 300-ден астам адам сүйек кемігін транспланттауды қажет етеді. Оның жартысы балалар мен жасөспірімдер екен.
Әйгерім Ердәулет