Сағат тілі бұрынғысынша қалады: Үкімет алдын ала шешім қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сағат тілі бұрынғысынша қалады: Үкімет алдын ала шешім қабылдады

02.08.2024

Уақыт белдеуі кері қайтарылмайды. 50 мың адам қол қойған петиция бойынша бүгін алдын ала шешім қабылданды. Бұл туралы қоғамдық талқылау кезінде Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев хабарлады. Оның сөзінше, уақыттың өзгеруі денсаулыққа да, электр энергиясын тұтыну шығындарына да әсер еткен жоқ. Мәселен 2024 жылдың бірінші тоқсанында адам басына шаққандағы электр энергиясын тұтыну өткен жылмен салыстырғанда 2,44% -ға төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, UTC + 5 белдеуіне көшу географиялық орналасу мен табиғи күн цикліне сәйкес келеді. Бұл биологиялық ырғақты жақсартып, халықтың денсаулығына оң әсер етеді.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

Зерттеулер адам ағзасының уақыт белдеуіне бейімделетінін дәлелдеді. Мелотанин гармоны тез қалыпқа келеді. Соның нәтижесінде адамның ұйқысы дұрысталады. Дәрігерлер қазіргі уақыт белдеуінен ешқандай оғаштық көріп отырған жоқ. Біз алдағы үш жыл ішінде бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына әсерін тереңірек зерттейміз.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу