Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович еліміздегі шахматтың дамуын жоғары бағалады. Әсіресе Қазақстан шахмат федерациясының білім беру бағдарламасына зияткерлік ойынды қосқанын ерекше атап өтті. Ол Астанадағы №8 мектепке барып, ондағы шахмат сыныбын көрді. Федерация аталмыш жобаны жауапты министрліктермен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іске асырып отыр. Білім беру мекемесі қонақтарды ерекше ықыласпен қарсы алды. Ұлттық ойындарымызбен, қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен таныстырды. Айта кетейік, былтырдан бастап елдің 7 аймағындағы 42 мектепте шахматты бірінші сынып оқушыларына факультативті пән ретінде оқыту жүргізіліп келеді. Алдағы оқу жылында Қазақстан шахмат федерациясы 350 орта білім беру мекемесін қамтуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін арнайы курстан өткізбек.
Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті
Қазір бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізілуі үшін біз сыныптарды жабдықтаумен және шахматты пән ретінде енгізумен шектелмей, тиісті жобалармен де айналысамыз. 1-ші сыныпқа арналған оқу-әдістемелік кешеннің білім беру контенті дайындалды. Мектептерді әдістеме жағынан қамтамасыз ететін «Chess Class» онлайн платформасы әзірленді.