Астанада қатерлі ісікті ерте анықтайтын геномдық зертхана ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қатерлі ісікті ерте анықтайтын геномдық зертхана ашылды

02.08.2024

Отандық ғылымды қаржыландыру – экономиканы дамытудағы бірден-бір маңызды қадам. Қазіргі жас ғалымдардың ғылыми жетістіктері табысты өнім шығаратын үлкен әлеуетке ие. Бұған дәлел – жыл өткен сайын коммерциялық пайда тауып жатқан жобалар қатарының артуы. Мәселен, Алматыдағы медициналық тексерудің автоматтандырылған жүйесі – Орталық Азиядағы бірегей бастама. Оның артықшылықтары неде? Жалпы қазақ ғылымының жетістіктері қандай? Жазира Оразқызы баяндайды.

Бұл медициналық тексерудің автоматтандырылған жүйесі, бірнеше құрылғыдан тұрады.

Таухан Бақытжанов ТМД кеңістігінде баламасы жоқ медициналық жүйені таныстырып жатыр. Бұл құрылғы 5-6 қызметкерді оп-оңай алмастырады. Әрі үлкен мекемелерде әр маманның жұмысқа кіріспес бұрын денсаулық жағдайын бір минутта тексеріп береді. Жоба өндірістік жарақаттар мен жазатайым оқиғалардың санын азайтуға сеп болып отыр.

Таухан Бақытжанов, «MED365» ЖШС коммерциялау бойынша маман:

Ең алдымен қызметкер өзінің ішімдік қолданбағанын тест арқылы дәлелдеу керек. Бұл нарықтағы ең озық құрылғы десек болады. Содан кейін қан қысымы өлшенеді. Ал жасанды интеллект арқасында жұмыс істейтін мына пупиллометр көз қарашығы арқылы адамның шаршау немесе денсаулығындағы өзге де кінәраттарды көрсетеді. Осылайша жүйе маманның жалпы денсаулық жағдайын экранға шығарып береді.

Отандық медицина мен ғылымды ұштастырған тағы бір тың жоба. Астанада қатерлі ісікті ерте анықтайтын геномдық зертхана ашылды. Осыған дейін шетелден жеткізілген диагностикалық тест жүйесі енді осы орталықта жасалады. Мұндай заманауи және тың технологиямен жабдылған зертхана Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр, - дейді мамандар.

Ерғали Әбдірайымов, «QAZBIOPHARM» ұлттық холдингі» АҚ БАС директоры:

Сол құрылғыны қолданумен біз баламалы диагностикалық жүйемізді жақсартамыз деп отырмыз, соңғы жылдары перинаталды диагностика, қатерлі ісіктердің алдын алу диагностикасы өте күрделі болып жатыр. Басқа да аса қауіпті аурулардың алдын алу диагностикасын жасау үшін осы зертхананың толық мүмкіндігін пайдаланайын деп отырмыз. 

Қазір елімізде ғылым мен сан алуан саланы біріктіру, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Жобалардың өндіріс кезеңіне шығып, өнім мен қызметтерді сатудан түскен табысы артып жатыр. Мәселен отандық ғылымға инновация енгізіп, бастамаларды қаржыландыратын «Ғылым қоры» арқылы 300-ге жуық жоба жүзеге асса, оның тең жартысы нәтиже берген.

 Әлия Сембаева, «Ғылым қоры» АҚ төрағасының орынбасары:

Мемлекет басшысы жақында ғана «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат отандық ғылымды дамытуға тың серпін берері сөзсіз. Біз гранттық қаржыландыруға ғана көңіл бөлмей, тиімді қаржыландыру экожүйесін қалыптастыруға, ғылым мен бизнестің өзара ықпалдастығын нығайтуға қолдау көрсетеміз. Қазіргі жас ғалымдардың жасампаз жаңалықтары қуантып отыр.

«Ғылым қоры» қолдау тапқан жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, медицина, химия өнідірісіндегі жаңа бастамалар екенін айтады. Бұл ғылыми жаңалықтар пайда әкеліп қана қомай, ел экономикасының дамуына да үлес қосып отыр.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу