Алматылық оқушылар құрастырған робот Қытайда өткен халықаралық чемпионатта жүлде алды. Гуанчжоудағы жарысқа әлемнің 200-ден астам оқушысы қатысты. Оның ішінде елімізден барған екі команда үздік нәтиже көрсетті. Білім-Инновация лицейінің «Queue» командасы бұл жоба бойынша бір жылға жуық жұмыс істеген. Алғашқы нұсқасын республикалық жарыста көрсетіп, кейін роботты жетілдірген. Өнертапқыштар дайындаған жоба жерде шашылып жатқан пиксельдерді небәрі 2,30 минут ішінде автономды режимде жүріп, жинауы қажет.
Ерталап Әділхан, «Queue» командасының мүшесі:
Пиксельдерді қою және ұшақ жіберу арқылы топ ондыққа кірдік. Ерекшелігі біздің роботтар басқа командаға көмектеседі, пиксельдерді қойып, сөйтіп, олар аз уақыттың ішінде көп функцияларды орындайды.
Халықаралық аренада бәсекеге түскен «Queue» командасы бірден топ ондыққа ілінген. Олар Perseverance Award сыйлығымен марапатталды. Бұл жеңіс шәкірттерге әлемнің үздік жоғары оқу орындарының гранттарын ұтуға мүмкіндік береді. Өнертапқыштар роботқа арналған бағдарламаны да өздері жазыпты.
Рамазан Әшім, «Queue» командасының жетекшісі:
Төрешілердің айтуынша, әрбір жарыстан кейін өздерінің фидбэктерін береді. Сол пікірлері бойынша біздің команда өте үлкен жұмыс жасаған. Және де ауқымына келетін болсақ, біздің команда көптеген мектептерге барып, жаңадан робототехника командаларын ашып, өз кішкене үлесімізді қосып жатырмыз.
Айдана Қуантхан