Олимпиада жүлдегерлері елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада жүлдегерлері елге оралды

05.08.2024

Париж Олимпиадасының алтын медаль иегері Елдос Сметов пен қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев елге оралды. Оларды әуежайдан жақындарынан бөлек, жанкүйерлері де күтіп алды. Ел қоржынын алтын және қола медальмен толықтырған дзюдошыларамызды қарсы алуға біздің түсірілім тобы да барды.

Айдана Қуантхан, тілші:

Көк байрағымызды Париж төрінде көтерген спортшыларымыз Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев мінген ұшақ таңертен 8.30-да Алматыға келіп қонды. Алаш мерейін асырған спортшыларымызды туыстары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен күтіп алды. Елдос Сметов қатарынан үш бірдей Олимпиада ойынында медаль алған тұңғыш қазақ спортшысы болып тарихта қалмақ. Елдосқа жанкүйерлері дән риза.

Ал Ғұсман бүгін бізбен өз әсерін бөлісті. Төртжылдықты түйіндер додаға 66 келі салмақта күш сынасқан палуан, жарыстың екінші күнінде қола жүлдеге ие болды. Ол испан, француз спортшыларына есе жібермеді. Жартылай финалда бразилиялық Уиллиан Лимадан жеңіліп қалды. Десе де қола жүлде үшін белдесуде сербиялық Стархинья Бунчичті жеңді. Сөйтіп, ел қоржынына тағы бір жүлде салды.

Ғұсман Қырғызбаев, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:

Өте қуаныштымын. Бұл жеңіс баршамыздың жеңісіміз. Қолдап келген жанкүйерлерге көп рақмет. 

Қазақ жұртына қуаныш сыйлаған спортшыларымызды жанкүйерлері сән-салтанатпен, думандатып қарсы алды.
Сәрсенбінің сәтінде ел қоржынына алғаш болып қола медаль салған мергендеріміз Ислам Сәтпаев пен Александра Ле келеді. Спортшыларымызды ата-анасы мен жанкүйерлері күтіп жүр. Ол қуанышты сәтті де сіздермен бөлісетін боламын.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу