Күні кеше 80 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан жерлесіміз Нұрбек Оралбай доминикандық боксшыны жеңіп, Париж олимпиадасының финалына шықты.
Париж Олимпиадасының жартылай финалы, зал толы көрерменнің гуілі. Жарыстан шығып қалған 6 командаласы мен 20 млн қазақтың үмітін арқалап, Нұрбек Оралбай шаршы алаңға шықты. Қарсыласы 23 жастағы доминикандық Кристиан Пиналес те осал қарсылас емес. Соған қарамастан онымен 3 раунд айқасып, намысқа тырысқан жерлесіміз төрешілердің шешімімен 3:2 есебімен басымдық танытты. Бұл жеңіс бірнеше күн қатарынан жүлде көрмей, сағы сынған жанкүйерлерді бір серпілтіп тастағаны хақ.
Нұрбек Оралбай, бокстан ҚР Ұлттық құрама мүшесі:
Ағайлардың айтуымен жеңіске жеттім. Маған жанкүйер болып жатқан, қолдап жатқан қазақ еліне үлкен алғысымды білдіремін. Бұнымен тоқтамаймыз. Алдымызда Алла қаласа, финал!
Барша қазақ халқы үміт артып отырған боксшымыз енді әлем чемпионы, олимпиада ойындарының жүлдегері украиналық боксшы Олександр Хижнякпен кездеседі. Жекпе-жек оңай болмасы анық. Бірақ не бел, не белбеу кеткелі тұрған текетіресте жанкүйерлер Нұрбекке толықтай сенім артып отыр. Тіпті, оны қолдау үшін Қазақстаннан арнайы келгендер бар.
Сенемін, әрине сенемін. Мен Қазақстан жастарына сенемін, спортшыларына. Сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Орал қаласынан осы жарысты тамашалауға, жанкүйер болу үшін Парижге келіп тұрмыз.
Жартылай финалға шығу үшін жерлесіміз алғашқы айналымда аустралиялықтан айласын асырып, артынша әзербайжандық былғары қолғап шеберін тізе бүктірді. Енді жерлесіміз Украина өкілімен 7 тамыз күні жұдырықтасады. Жерлесімізге сәттілік тілейміз.
Нұрсұлтан Тілектес