Олимпиада чемпиондарының алғашқы легі Алматыға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада чемпиондарының алғашқы легі Алматыға келді

05.08.2024

Парижден Алматыға спортшыларымыздың алғашқы легі келді. Қос палуанымыз Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевты күтіп алушылар қарасы қалың. Тіпті Алматы әуежайында ине шаншар орын болған жоқ. Халық спортшыларымызды ыстық ықылас, зор қуанышпен қарсы алды. Таңғы сағат жетіден бастап тарихи сәттің куәсі болуға біздің түсірілім тобымыз да барды. Әуежайдың арғы бетінен қолына кішкентай батырын алып шыққан Олимпиада чемпионын жанкүйерлері бірден қаумалап, қоршап алды. Әуежай ішіне сыймағандар тіпті сыртқа шығып қолдау білдірді. Осылайша қазақ спортшыларына олимпиаданың алғашқы күнінде-ақ жігер сыйлаған Елдос Сметовты жанкүйерлері көкке көтерді.

Тоқтагүл Сметова, Елдос Сметовтың анасы:

Алғаш барған кезден өзінің арманы сол болатын. Кішкентайынан блокнотқа жазатын. Мен әлемді бағындыратын чемпион боламын деді.

Алаштың мерейін асқақтатқан, үздік үштікті түйіндеген Ғұсман Қырғызбаевты да қолдаушылар әуежайға жиналды. Ол 66 келіде қола медаль алды. Бұл жүлдеге апарар жолда ол кіл мықтыларды қапы қалдырған еді. Биыл бір де бір жарыста жүлде алмаған дзюдошы мансабын аяқтар шақта Олимпиада жүлдегері атанды. Алматы қалалық дзюдо федерациясының өкілдері Қырғызбаевқа темір тұлпар мінгізді. Ал спортшы өзін зор құрметпен қарсы алған халыққа үлкен ықыласын білдірді.

Ғұсман Қырғызбаев, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері:

Керемет күтіп алып жатыр. Өте қуанышытымын. Орын алған кезде білінбеп еді. Аэропортқа қонған кезде сезіліп жатыр. Қола медальдің өзі қазақ елі үшін мақтаныш екен.

Айдана Қуантқан

Хабарламаларға жазылу