Боксшы Нұрбек Оралбай түлеп ұшқан мектептің оқушылары қолдау білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боксшы Нұрбек Оралбай түлеп ұшқан мектептің оқушылары қолдау білдірді

05.08.2024

Боксшы Нұрбек Оралбай түлеп ұшқан мектептің оқушылары былғары қолғап шеберіне мыңдаған шақырым қашықтан қолдау білдірді. Жартылай финалдық кездесуді үлкен экраннан тамашалады. Балалар ағалары үшін тақымын қысып, сәттілік тіледі.

Астанадағы №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері кеше демалыс күні болғанына қарамастан бокс залында бас қосты. Тартысты жекпе-жекті көріп, қазақстандық боксшыға қолдау көрсету үшін мектеп түлектері, жаттықтырушылар мен елордадағы спортшылар да жиналды. Ендігі айналымда Олимпиада алтынына таласатын спортшы Нұрбек те, егізінің сыңары Айбек Оралбай да осы олимпиадалық резерв мектебінің түлектері екенін айта кетейік.

Мақсат Аманғазыұлы, Астана қаласы №3 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы:

Олар 2011 жылы осы мектебімізге келіп, түлек болып, әрі қарай өздері өнерін көрсетіп, шыңдап, үлкен Олимпиада деңгейіне жетті. Үлкенге қарап, үлгі алады ғой жастар. Келешекте өздері де осы олимпиадалық деңгейде өнер көрсетсем деп әрқайсысы ұмтылады. Спорт басқармасының бастауымен осы күнгі демалысқа қарамай, осы шараны біз ұйымдастырып отырмыз.

Темірлан Мұқатаев, бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:

Жекпе-жек өте таза, техникалық түрде де дөп тиген соққылар бойынша Нұрбек бір басқа жоғары болды. Енді финалдық жекпе-жекте украиналық Хижняк осал қарсылас емес. Менің өзімнің боксер ретінде пікірім, Асқар Еркебаев ағамыз Нұрбекке екеуі жақсылап ойланып, тактика қойса 100 пайыз жеңуге болады.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу