Ақмола облысының экономикасына 179 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының экономикасына 179 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды

05.08.2024

Ақмола облысының экономикасына 179 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Қазір өңірдің инвестициялық портфелінде 187 жоба бар. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің қабылдауында болған облыс әкімі Марат Ахметжанов айтты. Өңір басшысының мәлімдеуінше, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік қызметі мен байланыс салаларында өсім бар. Тартылған инвестиция нәтижесінде 1700 жаңа жұмыс орны ашылады. Астықты аймақ алдағы күзде 5 млн тоннадан астам өнім алуды көздеп отыр. Кездесу соңында Президент Ақмола облысының стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы өңірдің еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқаратынына назар аударып, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, соның ішінде егін жинау науқанын уақытылы әрі сапалы атқару маңызды екенін атап өтті.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Су тасқынын жою және зардап шеккен азаматтарды қолдау шаралары туралы баяндадым. Тұрғындарға үйлер берілуде. Мүліктік шығындарды орнын толтырдық.  Сонымен қатар мен Мемлекет басшысына жылыту маусымына дайындық және ұлттық жобаларды жүзеге асыру мәселесі жайлы хабарладым. 


Хабарламаларға жазылу