Қызылордада «Қазақтың Ақбаяны» атанған жезтаңдай әнші Мәдина Ералиеваны еске алуға арналған алғашқы республикалық байқау өтті. Талантты өнер иесі тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді.
Ән әлемінің асылын ардақтауға арналған байқауда еліміздің түпкір-түпкірінен келген 15 жас әнші өнер көрсетті. Конкурсанттар алғашқы кезеңде отандық композиторлардың әндерін шырқаса, екінші күні Мәдина Ералиеваның туындыларын орындады. Талапты да талантты өнерпаздар ерке қызын сағынған жұртшылықтың құлақ құрышын қандырып, сазды әндерімен Мәдинаның есімін жүректе қайта жаңғыртты. Өнер додасында көпті тәнті еткен түркістандық әнші Асыл Жомартов республикалық байқаудың жеңімпазы атанды.
Елена Әбдіхалықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Ол кісінің даусының сыңғырын, сахнадағы әдемілігін ешкім қайталай алмайды. Қазақтың өжет, батыр қызы Мәдина марқұм апамыз кім екенін, қазақтың қызының қандай болатынын дәлелдеген. Эстетикалық әдемілігі, жақсылыққа құмартуы, өзінің мүмкіндігін толық пайдалануы үлгі алатын дүние.
Әділбек Серікұлы