Жоғары балл жинаған түлектер бәсекелестік нарығын дұрыс зерттемеген - Саясат Нұрбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғары балл жинаған түлектер бәсекелестік нарығын дұрыс зерттемеген - Саясат Нұрбек

06.08.2024

Биыл түлектерге грант үлестіру жұмыстары әділ өтті. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, тегін оқуға түсе алмағандар бәсекелестік нарығын дұрыс зерттемеген. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 90-нан астам балл жинап, грант иегері атанбағандардың жағдайын осылай түсіндірді. Мысалы дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін даярлау бойынша 1 орынға 11 адам, сән және дизайн бойынша 9 адам, ал стоматологияға 1 орынға 35 түлек таласқан. Ал сұраныс бар, мемлекетке қажет мамандықтарға төмен баллмен де түскен оқушылар көп болды дейді ол.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Әлі күнге дейін талапкерлер ең мықты жоғары оқу орындарын таңдайды және ең үлкен талас болатын, яғни, аз грант берілетін, бәсеке болатын мамандықтарды таңдайды. Енді өкінішке орай бұл конкурс. 200 грант берілді, 5 мың адам тапсырып жатыр. Амалсыз ілінбейтіндердің саны жоғары болады. Ал мысалы энергетика саласы, гидрогеология, ветеренария, орман шаруашылығында мүлде конкурс аз.

Грант үлестіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Жыл сайын шамамен 3 мың талапкер тегін оқудан бас тартады. Олардың гранттары Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының базасы бойынша көп балл жинаған келесі түлекке беріледі. Әкімдіктердің, ректорлардың және ірі компаниялардың ұсынатын гранттары да бар. Сондықтан әлі де үмітті үзбеу керек, - деді министр.

Оңғар Алпысбай

Хабарламаларға жазылу