Жүрек-қан тамыры аурулары жастар арасында да өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жүрек-қан тамыры аурулары жастар арасында да өршіп тұр

06.08.2024

Елімізде жүрек-қан тамыры аурулары жастар арасында да өршіп тұр. Бір ғана Талдықорғандағы облыстық кардиологиялық орталығының мамандары жыл басынан бері 3 мыңға жуық науқас қабылдап, екі мыңнан астам операция жасаған. Білікті кардиологтар мен кардиохирургтар емдеу мекемесіне келген сырқаттардың оңалып кетуіне тың әдістер қолданып, өмірін сақтап қалуға бар күш-жігерін салуда.

Кардиологиялық орталықта жарты жылда екі мыңнан астам операция жасалса, оның бестен бір бөлігі жүрекке ашық түрде жүргізіледі. Ал мыңнан астам адамның жүрек-қан тамырларына стент қойылды. 4-5 сағаттық операциядан кейін мамандардың кәсіби біліктілігіне тағы бір науқас алғысын жаудырып жатыр.

Хадиша Нұрғалиқызы, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Кеше таңертең жасады. Бүгін таңертең шықтым. Өз аяғыммен кіріп, өз аяғыммен шықтым. Өте ризамын мына балаларға. Біз қатты ауырып жүргенде қарап жәрдем бергені үшін.

Ауру жас талғамай барады. Оған осындағы дәрігерлер куә. Бір күнде 150-200 адам кардиологиялық орталыққа өздері келіп тексерілсе, тағы 20-25 адамды жедел жәрдем қызметкерлері жеткізеді.

Гүлфайруз Тұрышева, Жетісу облыстық кардиологиялық орталығы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

Күнделікті 20-30 пациент қабылдайтын болсақ, қазір 40-50 дейін деңгейі өсіп жатыр. Оның ішінде жастар да бар, жүкті әйелдер де бар. Созылмалы жүрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастардың саны бұрынғыдан 2-3 есе артты деп айта аламын.

Орталықта 38 дәрігер қызмет етеді. Олардың тоғызы жоғарғы санатты. Мұндағы мамандар алыс-жақын шет елге де шығып тәжірбие алмасып біліктілігін арттырып отырады.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу