Бір отбасы суға батып кетті: Қайғылы оқиға суға шомылуға болмайтын жерде болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір отбасы суға батып кетті: Қайғылы оқиға суға шомылуға болмайтын жерде болған

06.08.2024

Ақмола облысында суға батқан бүтін бір отбасы жайлы тың дерек белгілі болды. Қайғылы оқиғада әкесі, шешесі, ұлы, қызы бірін-бірі құтқармақ болып, көз жұмған еді. Бұл жағдай отбасының 19 жастағы қыздарының көз алдында болған. Ал қайғылы оқиға суға шомылуға болмайтын Астана су қоймасында болған. 

 Самал Қабышева, тілші:

Қайғылы жағдай осы жерде болған. Куәгерлердің сөзінше, шамамен 30-40 метр жерден мүрделерді алып шыққан. Ал бұл қоймаға шомылуға болмайды. Бірақ болмайды деген тек аты ғана. Өздеріңіз көріп тұрғандай халық алаңсыз шомылып, демалып жатыр. Ал қайғылы жағдайдың болғанына бір тәулік енді ғана өтті. Күні кеше ғана бір отбасының төрт бірдей мүшесі осы су қоймасына батып, көз жұмды.

Болатбек Байсағанов, Арнасай ауылдық округінің әкімі:

Баласы суға кеткен. Артынан анасы жүгірген. Әкесі барған. Олар жүзу білмейді екен. Әкесі барып көмектескен. Өзі де кетті бірақ бір қызын алып шыққан. Аман-есен қалған 2005 жылғы қыз бала. Астанада оқиды екен.

Ал мына алаңсыз жүрген халыққа бұл су қоймасына суға түсуге болмайды, деп ескерту жасап жатқан бірде-бір маманды көрген жоқпыз.

Расымен де, қойма құдды көл сынды. Өте үлкен жерге жайылып жатыр. Маңы қоршалмаған. Тек ілініп тұрған ескерту таяқшалары ғана бар. Астана қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан. Ал ауыл әкімі демалушылар ескертуді елемейді, - дейді.

Самал Қабышева, тілші:

Мамандар суға шомылуға болмайтын жерде өте қауіпті екенін ескертеді. Сондықтан барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Ал биыл бірінші маусымнан 122 адам көз жұмған. Оның 41-і бала.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу