Алматыда BRT құрылысы бірнеше кезеңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда BRT құрылысы бірнеше кезеңге бөлінеді

06.08.2024

Алматыда қоғамдық көлікке басымдық беретін BRT құрылысын бірнеше кезеңге бөлу ұсынылды. Шаһардың ірі магистралі саналатын Райымбек даңғылындағы жобаның дайындық жұмыстары күзде басталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары сәуір айында жалғасады. Бүгін көлік саласындағы сарапшылар, урбанистер BRT дәлізінің бірінші учаскесі бойынша ұсыныс-пікірін айтып, жобаны талқылады.

Алматының Райымбек даңғылына салынатын БРТ желісі, яғни жүрдек автобус көлігі дәлізінің жалпы ұзындығы – 17 шақырым. Оның 9 шақырымын Пушкин мен Ахрименко көшелерінің аралығында салу жоспарланған. Жоба аясында автобустарға арнайы жолақтар салынып, жаңа аялдама кешендері орнатылады.

Артур Шахбазян, «Көлік жүйесін дамыту» жобалық кеңсесінің басшысы:

Бұл жолақтар автобустың жүруіне өте ыңғайлы. Көшелердің кей бөлігінде арнайы жолақ жолдың оң жақ шетінде болады. Ал кейбірінде қоғамдық көлік жолдың ортасымен жүреді. Осылайша қаладағы кептелісті реттеу көзделіп отыр.

Қазір алып шаһарда қоғамдық көлік 178 бағыт бойынша қатынайды. Күнделікті 2500 автобус жолаушы тасиды. Былтыр қалаға 600 жаңа транспорт алынса, биыл 700 автобус және 112 троллейбуспен толығады. Бір ғана Райымбек даңғылынан 88 бағытта 1300 автобус қатынайды. Сондай-ақ күніне шамамен 70 мыңға жуық көлік өтеді.

Сағындық Телібаев, қалалық мобильділік басқармасының басшысы:

Мына кептелістің арқасында автобустар уақытылы аялдамаға жете алмайды, интервал үзіледі. Алдымызға қойған мақсатымыз қандай? Осы қоғамдық көлікке инфраструктура жасап беру керек. Қоғамдық көлік өзінің жолағымен жүру керек. Сол кезде интервалды сақтай аламыз.

Жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары сәуір айында басталады. Бұл – жаңа оқу жылының басталуына байланысты қаладағы қатынасты қиындатпау үшін қабылданған шешім. Сарапшылардың пікірінше, Райымбек даңғылындағы арнайы жолақтың салынуы қоғамдық көлікке басымдық беріп, кептелісті азайтуға сеп болмақ.


Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу