Астанада Өзбекстанның мәдени күндері басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Өзбекстанның мәдени күндері басталды

07.08.2024

Астанада Өзбекстанның мәдени күндері басталды. Қаладағы орталық саябақта түрлі іс-шара ұйымдастырылып, келушілердің назарына бауырлас елдің қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар ұсынылды. Бұдан бөлек тұрғындар өзбек халқының ұлттық ойындарын тамашалап, дәстүрлі тағамдарынан және бақша өнімдерінен дәм татты. Қазір Амфитеатрда өзбек эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт болып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша шара ертең де жалғасады. Жоспар бойынша түркі халқының ұлы ақыны, ойшыл, мемлекет қайраткері Әлішер Науаидің ескеркіші ашылады.

Шохрух Носиров, Ташкент қалалық туризм басқармасының бас маманы:

Екі ел Президенттерінің бастамасымен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас одан әрі нығая түсуде. Қазіргі іс-шараның өзі соның бір көрінісі. Бүгін біз қазақстандықтарға Ташкенттің ең танымал тағамы – Ташкент той палауын тарту етеміз. Одан бөлек көрмеде нарын, кәуап, самса секілді ұлттық тағамдарымыз болады.

Абдумажит Смаилов, аспаз:

Бүгін шараның бірінші күні өте сәтті басталды. Төрт қазанда палау пісіріп жатырмыз. Барлық ұлттық тағамдар әзірленіп жатыр. Шамамен 2000-дай адамға жетеді. Астананың жұртына біздің ұлттық тағамдарымыз ұнайды деген ойдамын. 

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу