Париж-2024: Бүгін ел қоржынына екі медаль түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж-2024: Бүгін ел қоржынына екі медаль түседі

07.08.2024

87 келі салмақта күрескен балуанымыз Нұрсұлтан Тұрсынов ширек финалда сүрінді. Бірақ ол жұбаныш кездесуінде белдесуі мүмкін. Байдарка мен каноэде есуден де спортшыларымыздың жолы болмады. Тхэквондодан да спортшымыз қарсыласына есе жіберіп алды. Дегенмен бүгін ел қоржынына екі бірдей медаль түскелі тұр. Париж Олимпиадасындағы спортшыларымыздың аяқ алысы туралы толығырақ сонда жүрген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес баяндайды. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бүгін 20 жастағы тхэквандошымыз Самирхон Абабакиров таңқалдырды. Ол бірінші айналымда 2020 жылғы Токио Олимпиадасының және әлем, сондай-ақ Еуропа чемпионы италиялық Вито Делльаквиламен тең дәрежеде айқасты. Тіпті бірінші раундта жеңді. Дегенмен екінші және үшінші раундта сәл сәттілік жетіспей ұпай саны бойынша жеңілді. Егер италиялық спортшы финалға шығатын болса, Самирхон жұбаныш жекпе-жегіне шығуы мүмкін. Грек-рим күресінен 87 келі салмақта белдескен Нұрсұлтан Тұрсынов та Олимпиада ойындарының чемпионы украиналық Жан Беленюктан жеңілді. Осылайша балуанымыз жартылай финалға шыға алмады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Нұрсұлтан Тұрсынов ертең жұбаныш белдесуіне шығады. Егер жеңсе қола медаль үшін күреседі. Бүгін байдарка мен каноэде есуден де жарыс өтіп, спортшымыз Сергей Емельянов пен Бекарыс Раматулла жартылай финалға шыға алмады. Олар өз тобында мәреге бесінші болып жетті. Айта кету керек бүгін боксшы Нұрбек Оралбай мен грек-рим күресінен Демеу Жадыраев финалда сынға түседі. Бұл дегеніміз ел қоржынына екі бірдей медаль түседі деген сөз. Алтын болсын деп тілейік.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу