Париж-2024: Жүлдегерлерді Қазақстанның Франциядағы елшісі құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Париж-2024: Жүлдегерлерді Қазақстанның Франциядағы елшісі құттықтады

08.08.2024

Грек-рим күресі мен бокстан Париж олимпиадасында күміс жүлде иеленген Демеу Жадыраев пен Нұрбек Оралбайды Қазақстанның Франциядағы елшісі құттықтады.

Шараға сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің өкілдері мен Парижде жүрген қазақтар қатысып, жүлдегелерге алғысын білдірді.

Күні кеше 77 келі салмақ дәрежесінде балуанымыз Демеу Жадыраев финалда жапон спортшысымен белдесіп, күміс жүлдеге ие болды. Ал Нұрбек Оралбай 80 келі салмақта украиналық боксшы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Олександр Хижнякпен жұдырықтасты. Спортшыларымыз бұл жетістігімен тоқтап қалмақ емес, олар келесі олимпиадаға қатысып, міндетті түрде алтын алуды көздеп отыр.

Нұрбек Оралбай, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері:

Бұл жерге біз алтын үшін келдік. Бұйырмапты. Бұл бізді мықты қылады. Алтын үшін еңбек етіп, келесі олимпиадада алтын медаль алуға барымызды саламыз.

Демеу Жадыраев, Париж олимпиадасының күміс жүлдегері:

Барлығына көп-көп рақмет. Барлығы үлкен экрандардан, алаңдарда қолдау білдіріп жатыр екен. Сол кезде жеңіліп қалғанымызға әттеген-ай дедік. Күміс жүлде болғанына шүкір айтамыз. Барлығына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын.

Хабарламаларға жазылу