Шығыс Қазақстан облысында жұмыссыздық деңгейі төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында жұмыссыздық деңгейі төмендеді

08.08.2024

Шығыс Қазақстан облысындағы 24 елдімекенде жұмыссыздардың саны азайған. Оған «Ауыл аманаты» бағдарламасы сеп болған. Аймаққа іс-сапармен барған Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановьжын өткізіп, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Ауылдарды аралап, тұрғындармен тілдесті.

Ералы Тоғжанов ең әуелі Глубокое мен Ұлан аудандарына ат басын тіреді. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алған бірқатар азаматтың кәсібімен танысты. Кәсіпкерлермен және жергілікті халықпен жүздесті.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі:
Кеше ірі компаниялардың басшыларымен кездестік. Олардың нақты ұсыныстары бойынша 100 ауылға 100 ірі-қара беру туралы ұсыныстар болды. Оны да біз қабылдаймыз. Тауарлық несие деген Қазақстанда жүріп жатқан үлкен жоба бар. Сол арқылы халыққа жеткізуді жоспарлап жатырмыз. 24 ауылда жұмыссыздық жойылды.
«Ауыл аманаты» жобасы іске қосылғалы өңірде біршама шаруа атқарылған. 24 ауылда жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 27 елдімекенде атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны азайған. Экономикалық оң өзгерістерден соң биыл шығыс өңіріне 5 миллиардтан астам теңге бөлу жоспарланыпты. Осылайша 1000 жобаны жүзеге асырып, 1 059 адамды жұмыспен қамту көзделген. Бүгінге дейін 235 адам екі қолға бір күрек тапқан.
Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
«Ауыл аманаты» жобасының облыс үшін маңызы зор. Қазіргі уақытта бұл бағытта айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. «Ауыл аманаты» – халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге зор мүмкіндік беретін игі іске айналып отыр.
Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудың басты факторы - экономикалық серпіліс жасау. Осылай деген Ералы Тоғжанов «Бұл істі министрлік не жауапты басқарма емес, жергілікті ауылдық округтің басшылығы қолға алуға тиіс», -   деді.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу