Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентін құрмет белгісімен марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентін құрмет белгісімен марапаттады

09.08.2024

Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік кездесудің төрағасы ретінде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының атынан Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті Құрмет белгісімен марапаттады. Бүгінде бірлескен күш-жігердің арқасында өңірлік әріптестік бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Мемлекетаралық саяси диалог сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Құрмет белгісі – біздің халықтарымыз арасындағы мызғымас достық пен жақсы қарым-қатынастың айқын дәлелі, аймақ елдері арасындағы сенім мен ынтымақтың жарқын көрінісі, -деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жыл сайын сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар тереңдеп келеді. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық та белсенді дамып келеді. Мемлекеттеріміздің татулығы тарих қатпарларына қатталғаны мәлім. Бүгінгі байланыс бауырлас халықтардың түбегейлі мүдделеріне толық жауап береді. Біздің елдеріміз өзара түсіністік пен ынтымақтастықты сақтай отырып кез келген сынақтарды еңсеретіне және жаңа белестерді бағындыратынына сенімдімін.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Мені осы жоғары марапатқа лайық деп танығандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Мұны елдеріміз арасындағы аймақтық ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті нығайтудағы ортақ жетістіктерді мойындау деп қабылдаймын. Саяси еркіндік пен бірлескен күш-жігердің арқасында бүгінде Орталық Азия тату көршілік, өзара тиімді ынтымақтастық және тұрақты даму аймағына айналды. Біз бірлесе отырып шекара, су ресурстарын пайдалану, сауда, энергетика, көлік қатынасына қатысты көптеген мәселелердің тиімді шешімін таптық.
Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу