«Ауыл аманаты»: Тауарлық несие қос тарапқа да тиімді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауыл аманаты»: Тауарлық несие қос тарапқа да тиімді

12.08.2024

Ақтөбеде «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. Ерекшелігі өңірде мемлекет тарапынан берілетін 2,5 пайыздық несиемен қатар, тауарлық несие де қаралған. Яғни, тұрғындар жергілікті шаруа қожалықтарынан ешқандай кепілсіз мал ала алады. Халыққа мұндай мүмкіндік беріп отырған кәсіпкерлердің бірі – ақтөбелік Кәмшат Төлеуова. Шаруашылығындағы төрт-түліктен ауыл тұрғындарына тауарлық несие беріп, Шалқар ауданында бірнеше кәсіпті игеріп отыр.

«Ауыл аманаты» жобасы арқылы 10 отбасы Кәмшат Шәкірбекқызының 120 сиырын алды. Олар малдың төлімен есептеседі. Несие алушы сүт, құрт, май сатып пайда табады, белгіленген мерзімнен соң малға толық иелік етеді. Ал кәсіпкерге келер пайда малдың жайылымына, жем-шөбіне алаңдамай, біраз уақыт төлін алады. Кәмшат Шәкірбекқызының айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына тауарлық несиені енгізу оң шешім болды.


Кәмшат Төлеуова, кәсіпкер:

Біздер негізі тауарлық несиені 2019 жылы бастағанбыз. Тек қана қойға бердік. Себебі қой өте жеңіл, 5 ай ғана көтереді. Басында бергенде қозылай, тоқтылай бердік. Бір жыл бойы ештеңе алған жоқпыз. Тоқтылай берген жылы қошқар салуға тыйым салынды. Одан кейін өзіміз қошқарды әкеліп, қолдан ұрықтандырдық. Бір жылдан кейін 2021-ден бастап төлін жинадық. Қазір 4000 бас беріп отырмыз.

Тауарлық несие әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолайлы. Кәмшат Төлеуовадан «Ауыл аманаты» жобасымен сиыр алғандардың бірі 10 баланың әкесі - Мақсат Болатбайұлы. Ол Шалқар ауданының Жылтыр ауылында тұрады. 10 бас ірі қара алған. Бәрі асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры.


Мақсат Бұрханов, ауыл тұрғыны:

«Ауыл аманаты» көпбалалы отбасына тиімді бағдарлама. Бағдарламаның қызығын көріп отырмыз. Тауарлы несие алдым, Кәмшат қарындасыма рахмет. 10 сиырын алдым, 10 сиыры келген жылы 10 төлін берді.

Тауарлық несие – «Ауыл аманаты» бағдарламасының ұтымды жобасы. Облыста әуелде жылыжай кәсібіне басымдық берілсе, биыл мал шаруашылығы үшін де несие алуға болады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу