Президент Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады

13.08.2024

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 19 жаңа өндіріс іске қосылады. Бүгін Президент қабылдауында болған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осылай деді. Өңір басшысы өткен жарты жылдықты қорытындылап, облыс экономикасының қарқынды өсіп жатқанын айтты.

Құрылыс саласында 12,3 пайыз, байланыста 8,5, көлік бағытында 7,4, аграрлық секторда 4 пайыз өсім бар. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 2,3 пайызға артқан.

Облыстың 2027 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жоба бар. Бұл 6300 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аймақтағы өңдеуші өнеркәсіп секторының үлесі 64,5 пайызға жеткен. Жылдың соңына дейін 37 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Президент облыс әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

196 млрд теңгеге инвестиция тартылып, ағымдағы жылдың соңына дейін 19 жаңа өндіріс іске қосылады деп жоспарланған. Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының басым салаларының бірі десек салада тұрақты өсім байқалды. Өңірдің агроқұрылымдары егін жинауға кірісіп жатыр. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлына өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндадым. Денсаулық сақтау саласында 26, білім беру саласында 41 нысанның құрылыс жүруде. 

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу