Мәжіліс депутаты: Автокөлік өндірісінде өзгеріс бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаты: Автокөлік өндірісінде өзгеріс бар

13.08.2024

Алматының индустриалды аймағындағы автокөлік өндірісі 5 мыңнан астам маманды жұмыспен қамтиды. Әрі әлемдік брендтердің көлігін шығаратын ірі зауыт келесі жылдың наурыз айында іске қосылады. Мұндай жаңалықтармен «Астана Моторс» компаниясының басшылығы Мәжіліс депутаты Азат Перуашевпен кездесуде айтты. Депутатқа Индустриалды аймақта орналасқан Hyundai Trans Kazakhstan зауытының алдағы жоспары таныстырылды.

Сондай-ақ мультибрендтік зауыттың дәнекерлеу, жинау, пластик бөлшектерді бояу цехтары және бөлшектер қоймасы көрсетілді. Бүгінде кәсіпорында 1300-ге жуық адамды жұмыс істейді. Зауыттың жылдық қуаты – 50 мың автокөлік. Оның ішінде көліктің 5 түрі 4%-дық жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша көпшілікке қолжетімді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Былтырғы жылы мен осы зауытта болғанмын, содан бері тағы біренеше жаңа линиялар ашылды, жаңа өзгеріс бар, әрине өте ризамыз. Бұл саланың біріншіден болашағы бар, бірақ Президент айтқандай кейбір заттарды қолға алып өзіміз шығаруымыз керек, бірнеше саланы осы жолмен үлгі ретінде алып дамытуға болады деп ойлаймын.
Ал Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев білім ұясының құрылыс сапасымен танысып сын айтты. Айтуынша Түркістан қаласында 2 мың бала білім алатын «Жайлы мектепте» бір ғана лифті қарастырылған. Ол аздық етеді. Сонымен қатар, депутат, мүгедектігі бар азаматтар үшін білім ошағының кіреберісіне электр көтергіш емес, пандус қою керектігін айтты. Себебі электр көтергіш 3-4 айдан кейін істен шығуы мүмкін. Ал төтенше жағдай немесе жарық сөніп қалған кезде оның іске алғысыз болып қалатынын ескертті. Мәжіліс депутаты бұл кемшіліктерді Үкіметке депутаттық сауал ретінде жолдамақ.

Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бірінші кезекте бұны жеткіземіз. Өйткені бұл менің өзім үшін де, мүгедектігі бар адамдар үшін де маңызды нәрсе. Өзім инженер болғандықтан бұны жақсы түсінемін. Осы бағыттағы жұмыстардың өзгермеуін мен сұрайтын, талап ететін боламын.

Хабарламаларға жазылу