Қарағандыдағы Qarmet өндіріс көлемін 66% арттырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыдағы Qarmet өндіріс көлемін 66% арттырмақ

14.08.2024

Қарағандыдағы Qarmet кәсіпорны 2028 жылға қарай өндіріс көлемін 66% арттырмақ. Акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев өңірге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысына осылай деп есеп берді. Яғни, жылына 5 млн тонна болат, осынша темір рудасының концентраты және 9 млн тонна көмір өндірілмек. Қазір, кәсіпорынды дамыту үшін ауқымды жұмыстар қолға алынған. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Қазір ғимараттар мен нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл өндіріс ошағының өнімдері Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия, Әзербайжан және Ауғанстан елдеріне экспортталды. Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын.

Бұдан соң Президент «Кәусар» оқушылар сарайын аралады. Таяуда ғана ашылған орталықта 1600 бала түрлі үйірмеге қатысады. Мұнда Оқушылар игілігі үшін HI-TECH цех, шығармашылық шеберхана, хореография залы, ART-студия, түрлі студиялар экологиялық орталық, спорт және ойын алаңдары ашылған. Мемлекет басшысы жас ұрпақтың шығармашылық және креативті дамуының мәні зор екенін айтты. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізуге баса мән беретінін атап өтіп, оқушыларды осы маңызды бастамаға белсенді түрде атсалысуға шақырды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу