Қазақстан мен Таиланд сауда-саттықты нығайтуға келісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Таиланд сауда-саттықты нығайтуға келісті

14.08.2024

Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 35,9 пайызға артып, 370 млн долларға жетті. Бұл туралы бүгін екі ел делегацияларының кездесуінде айтылды. Таиланд корольдігі Премьер-Министрінің орынбасары әрі сауда министрі Қазақстанға сапармен келді. Таиланд Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды сауда серіктесі. Елден шығатын экспорт көлемі 55,3 млн доллардан асқан. Тай инвесторларын тарту - жаңа өнідірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Тараптар жиында өнеркәсіп саласындағы ынтымақты, оның ішінде қой жүнін қайта өңдеу, мата, былғары және аяқ киім өндірісінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесу соңында қос тарап сауда-саттықты нығайту жөнінде келісімге қол қойды.

Арман Шаққалиев, ҚР сауда және интеграция министрі:

Біз Тайландқа экспорт көлемін арттырғымыз келеді. Экспортты жүзден аса тауар позициясы бойынша тоғыз жүз миллионнан астам сомаға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Бұл - металлургия өнеркәсібі, химия және мұнай химиясы, минералды ресурстар, ауылшаруашылығы тауарлары, оның ішінде бидай, тыңайтқыштар мен мал азығы бар.

Пхумтам Вечайячай, Таиланд корольдігі премьер-министрінің орынбасары және сауда министрі:

Соңғы 5 жылда Таиланд пен Қазақстан инвестицияларының жалпы көлемі 100 млн доллардан асты. Сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін жаңа нарық іздейміз. Мұның ішінде Қазақстан ерекше басымдыққа ие. Мен сіздердің елдеріңізде сыртқы саудаға жәрдемдесу жөніндегі Тайланд өкілдігін ашуды ұсынамын. Әрі Қазақстандық кәсіпкерлерді Тайландағы сауда көрмесіне шақырамын.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу