Мемлекет басшысы «Qarmet» металлургиялық комбинатына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы «Qarmet» металлургиялық комбинатына барды

14.08.2024

«Qarmet» компаниясының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру қажет. Қарағанды облысына жұмыс сапармен барған Президент кеншілермен кездесіп, өндірістік қауіпсіздік мәселені қалай шешіліп жатқанын тексеріп қайтты. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде жақында ғана ашылған тұрмыстық техника зауытының жұмысымен де танысты. Президенттің Қарағанды облысына сапары Теміртаудан басталды. Алдымен «Qarmet» металлургиялық комбинатын аралап көрді.

Айя Мүтәлі, тілші:
Бұл темір рудалы материалдарды балқытып, шойын шығаратын қондырғы. Оны домна пеші деп атайды. Бұл пешке түскен металл 1600 градуста ериді.
Қасым-Жомарт Тоқаев комбинаттағы үшінші домна пештің жұмысымен танысты. Мұнда жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіріледі. Шахтадағы кеншілердің қазасынан кейін компания басшылығына келген Андрей Лаврентьев соңғы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпар берді. Бірқатар жобаны іске асыру үшін кәсіпорынға 3,5 миллиард доллардан астам инвестиция салынған. Президент өнеркәсіп қауіпсіздігі ең басты мәселе екенін атап өтіп, бірқатар тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – «Qarmet» кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру.
Кәсіпорында қазір 34 мыңнан астам адам еңбек етеді. Комбинат 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Жоба ойдағыдай іске асса, өндіріс көлемі былтырғы көрсеткіштен 66 пайызға артады. Өнеркәсіп қызметі біртіндеп табиғи газға көшіп жатыр. Президент мұны да атап өтті. Бұл ең алдымен аймақтағы экологияның ластануын 30 пайызға төмендетеді.

Вадим Басин, «Qarmet» компаниясының бас директоры:
Кәсіпорында газдандыру бойынша жобалар әзірленді. Жұмыс жүріп жатыр. Ал табиғи газ өтетін құбырларды біз өзіміз өндірген металдан жасаймыз. Ол Ақтаудағы зауытта шығарылады. Келесі жылы 1 шілдеден бастап электр станциялары мен домна пештеріне іске қосамыз.
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев қалашықтағы Креативті технологиялар орталығында болды. Мұнда жастар кәсіби бағдар алып, өздерінің инженерлік дағдыларын шыңдайды.

Руслан Оғай, 11-сынып оқушысы:
Бұл робот екі набордан құралған. Бірінші набор реф набор, екінші набор билб набордан. Осы набор АҚШ-та өндіріледі. Оны мектеп оқушыларымен бірігіп жасадық. Осыны пиксель деп атайды. Пиксельдарды ішіне кіргізеді. Ауттекқа. Оның мақсаты тақтаның үстіне пиксельдарды қою.
Президент ардагер кеншілермен де жүздесіп, тілдесті.
Компания бүгінде жұмыс процесін цифрландыруға көшірген. Арнайы қондырғы арқылы жұмысшылардың қайда жүргенін және денсаулық жағдайын тексеріп отырады. Президент 620 тереңдікте тер төгіп жүрген кеншілермен бейнебайланыс арқылы тілдесті.
Мұндай жүйе 2025 жылдың соңына дейін барлық 8 шахтаға да енгізілмек.


Руслан Шәйкенов, «Qarmet» АҚ көмір департаментінің диспетчері:
Біз әр жұмыскердің қай жерде тұрғанын, не істеп тұрғанын көре аламыз. 
Президент Саран қаласындағы тұрмыстық техника өндірісімен де танысты. Зауыт былтыр іске қосылған. Жобаның жалпы құны 25 млрд теңге. Мұнда жуырда Samsung брендімен теледидар және автоматты кір жуу машинасын шығару көзделіп отыр.

Айя Мүтәлі, тілші:
Зауыт 49 мың шаршы аумақ жерді алып жатыр. Мұнда тұрмыстық техниканың 7 түрі шығарылады. Оның ішінде шаңсорғыш, теледидар, ас үй плиталары шағын пеш секілді үйге қажетті техника өндіріледі. Ал бұл өнімдерді Қазақстанның кез келген тұрмыстық техника сататын дүкенінен сатып алуға болады.
Биыл зауытта 97 мың электроника бұйымдары шығарылды. Өндіріс көлемін 2027 жылға қарай 1,1 миллионға көбейтпек. Оны ТМД елдеріне экспорттайтын болады. Ал жұмысшылар санын 1200 адамға ұлғайтпақ. Қазір зауытта Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абай қалаларының 232 тұрғыны еңбек етеді.

Мирас Сайын, учаске шебері:
Бізде өндірісте көбі роботтандырылған. Екі сағатта кеуіп, содан соң біз есіктерді жинап, бүкіл тексеріс өтеді. Сонымен барлығын жауып, шығарамыз.
Ал зауыттың іргесінде дөңгелек шығаратын кәсіпорын іске қосылған. Отандық өнім Қазақстан мен шет мемлекеттердің нарығында шілде айынан бастап сатылып жүр. Президент бұл өндіріске де барды. Зауытта 590 маман істейді. Мұнда арнайы дайындықсыз жұмысқа қабылдамайды.

Қожабек Әсет, бас механик:
6-7 ай бойы біз практикадан өттік. Барлығын бізге үйретілді. Бүкіл жабдықтар қалай жөнделеді, бәрін мамандар үйретті. Өйткені, бізде мұндай зауыт болмағандықтан біз сол жақтан тәжірибе алдық.
Өткен айда кәсіпорын 30 мың дөңгелек шығарған. Өнім көлемін биыл 1 миллионға, ал 2027 жылға қарай 3,5 млн-ға көбейтуді көздеп отыр.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу