Қара жолда қаза тапқандар азаяр емес. «Самара-Шымкент» тас жолының Ақтөбе қаласы мен Қарабұтақ ауылының аралығындағы бөлігімен жүруге тәжірибелі көлік жүргізушілерінің өзі жүрексінеді. Апаттың көбейгені сонша, тек бір аптаның ішінде 12 адам дәл осы жолдың бойында ажал құшты. Сондықтан полицейлер қауіпсіздік үшін көліктерді жинап, өздері жол бастап алып жүруге мәжбүр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ақтөбе-Қарабұтақ бағытындағы мына жолға жандарын шүберекке түйіп шығады. Өйткені, жол апатынан ажал құшқандар саны көбеймесе, азаймай тұр. Тек жыл басынан бері 27 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, он жеті адам қаза тапқан. Тағы алпысқа жуығы жарақат алды.
Бұл бағытта тәулігіне 16 мыңнан аса көлік жүреді. Әсіресе, Ақтөбе мен Хромтау қалаларының арасы қиын. Өйткені, халықаралық көлік дәлізі болғандықтан, алыс-жақын шет елдерден келетін жүк көліктері де өте көп. Жүргізушілер осындай ауыр габаритті көліктерді басып озамын деп қарсы бағытқа шығып, апатқа ұшырап жатады.
Әлішер Нұрәлиев, тәжікстандық көлік жүргізушісі:
Мен бұл жолмен 1987 жылдан бері жүремін. Қазір Тәжікстаннан Ресейге бара жатырмын. Әрине осы жерге келгенде қатты қиналамыз. Көлікке обал. Жолды жөндеп, ақылы қылса, ақшасын қуана төлеп өтер едік.
Тек өткен аптаның өзінде Хромтау қаласының маңында үш жол апаты болды. Оның бірінде жарысқа бара жатқан бес оқушы мен тағы үш ересек адам қаза тапты. Осы оқиғалардан кейін жол сақшылары магистраль бойын күні-түні бақылауға алды. Одан бөлек көліктер қауіпті аумақтардан полицейлердің мұқият қадағалауымен өтіп жатыр.
Айдос Құлжанов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:
Қай жерде жол-көлік оқиғасы көп орын алды, сол жердер анықталып отыр. Осыған байланысты Ақтөбе облысы аумағында «Самара Шымкент» тас жолының 965 км, яғни Қарабұтақ ауылынан бастап Ақтөбе қаласына дейін 753 шақырымға дейін автокөлікті арнайы алып жүру ұйымдастырылатын болады.
Апаттың жиілеуіне жолдың сапасыздығы басты себеп,- дейді жүргізушілер. Дегенмен, Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ автожолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Тельман Малаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының директоры:
Жиырма жылдың ішіндегі ақаулар биыл көп шығып кетті. Он екі рет жол-құрылыс материалын алып, соның оны сәйкес болса, екеуі сәйкес болмай шықты. Қазіргі уақытта мердігер ұйым ол ақауларды уақытында жойды.
Келесі жылы бұл жол учаскесінде қайта жаңарту жұмыстары басталуы тиіс. Яғни, жаңадан төрт жолақты жол салынады. Оған дейін жүргізушілер тәуекел етіп, осы ескі жолмен амалдауға мәжбүр.
Жақсыбек Кемал