Шымкентте өрттен зардап шеккен саудагерлер шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте өрттен зардап шеккен саудагерлер шығынға батты

14.08.2024

Шымкентте тауары түк қалмай өртеніп кеткен саудагерлер шығынды кімнен өтеп аларын білмей дал. Қазір өрттен кейін сауда орыны жинастырылып жатыр. Осындағы кәсіпкерлердің бірі Арман Бейімбет жалпы құны 130 млн теңге болатын тауарым өртке оранды дейді. Үш дүңгіршекте тұрмысқа қажетті заттар мен құрылыс материалын саудалап келген кәсіпкер енді несиені қалай төлейтінін білмейді. Өрт кезінде базардағы оншақты дүңгіршек түгел жанып кеткен.

Арман Бейімбет, кәсіпкер:

Барлығы өртеніп, түкке жарамай қалды. Ештеңені сыртқа шығарып үлгермедік. Барлығы ішінде өртеніп кетті. Бутигін соғып береміз деп жатыр. Бірақ ішіндегі тауарларды білмеймін кімнен сұрайтынымызды. Дәлелдеп беру керек деп жатыр, чек сұрап жатыр. Оның барлығы ішінде өртеніп кетті.

Өртке оранған сауда орнының қожайындары болса жарамсыз дүңгіршектердің орнына жаңасын салып береміз деп уәде етті. Сондай-ақ кәсіпкерлер 1 жылдан артық жалға алу құнын төлемейді. Сондай-ақ бизнес иелеріне қаржылай да көмектесеміз деп сендірді. Ал осы салаға жауапты мамандар болса кәсіпкерлердің тауарды сақтандырмағанын айтады. Өрттің шығу себебі әлі белгісіз, шығын көлемі анықталып жатыр.

Үсен Исаев,  Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Көбісі немқұрайлықпен қарап сақтандыру жұмыстарын жүргізбеген. Егер сақтандырылған жағдайда сақтандыру компаниясы толық шығынды өтеп беру мүмкіндігі болатын еді. 

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу