Жапония үкіметінің басшысы Фумио Кисида қызметінен кететіні туралы мәлімдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапония үкіметінің басшысы Фумио Кисида қызметінен кететіні туралы мәлімдеді

14.08.2024

Жапония үкіметінің басшысы Фумио Кишида қызметтен кететінін мәлімдеді. Ал Таиланд соты Премьер-министрді қызметтен аластатты. Словакия халқы болса, үкіметтің бірқатар саладағы шешімдеріне наразылық білдірді. 

Жапония премьер-министрі Фумио Кишида қыркүйекте Либералды-демократиялық партия басшысын сайлауға өз кандидатурасын ұсынбайды. Мұны саясаткер бүгін баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Демек жапон министрлер кабинетін жуық арада жаңа лидер басқарады.

Фумио Кишида премьер-министр болып 2021 жылы тағайындалды. Оның үшжылдық мерзімі қыркүйекте аяқталады. Партияда жемқорлыққа қатысты дау туындағасын, Кишиданы халықтың қолдау рейтингі 20 пайыздан төмендеп кеткен.

Фумио Кишида, Жапония Премьер-министрі:
Либералды-демократиялық партияны өзгертуге бағытталған басты қадам - менің қызметтен кетуім. Алдағы сайлауға қатыспаймын. Партия лидері ретінде болған оқиға үшін жауапкершілікті өз мойныма аламын. Ал жаңа премьер-министрге қолдау білдіремін.
Ал Таиланд соты бүгін Премьер-министрді Конституцияны бұзғаны үшін қызметінен шеттетті. Үкімет басшысы Сретта Тхависин ресми моральдық-этикалық стандартты бұзды деп танылып отыр. Экс-премьер бір кездері судьяға пара бермек болғаны үшін қамауда болған заңгерді министрлер кабинетінің құрамына алған. Осы шешімі үшін 40 шақты сенатор Среттаны орнынан кетіруді қолдап, петиция жазды.


Сретта Тхависин, Таиландтың экс-премьері:
Конституциялық соттың шешімін құрметтеймін. Дегенмен, Премьер-министр болған 1 жыл ішінде барлығын дұрыс жасауға тырыстым. Жұмысыма шын беріліп, адал атқардым. Барлық тараптың шешімдеріне құлақ астым. 

Cловакия астанасында үкіметтің әділет және мәдениет саласындағы саясатына қарсы шеру өтті. Братиславада өткен шараға 20 мыңға жуық тұрғын жиналған.  «Еркіндік пен демократияны қалаймыз» деп ұрандатқан халық жастардың жаппай шетелге кетуіне қынжылыс білдірді. Олар мұның себебі елде болып жатқан әділетсіздіктер деп мәлімдеді. Наразы топ Словакия мәдениет министрі шығармашылық салаға тұтастай бақылау орнатты деп айыптап, оның қызметтен кетуін талап етті. Бұған қоса кылмыстық кодекске өзгерістер енгізу жоспарына қарсылық білдірді.


Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу