Сенаторлар Қызылорда облысындағы көне қалашықтармен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенаторлар Қызылорда облысындағы көне қалашықтармен танысты

16.08.2024

Қызылорда облысында тарихы терең көне қалашықтар археологиялық зерттеуді қажет етеді. Сырдария ауданындағы «Қышқала» қорғанында қазба жұмыстары басталды. Өңірге барған Сенат депутаттары сыры ашылмаған тарихи орынға барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қоғалыкөл ауылы маңында орналасқан көне шаһардан археологтар 300-ден аса құнды жәдігер тапқан. Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тепкен «Қышқала» өз заманында өркениетті қалалардың бірі болған. Қазба жұмыстары кезінде мұнда еш жерде кездеспеген архитектуралық кескіндер шыққан. Сондықтан «Тарихи орын әлі де терең зерттеуді қажет етеді», - дейді мамандар.

Сапар Көзейбаев, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

Облысымызда теңдесі жоқ тарихи құндылығы өте жоғары орта ғасырлық қалалардың бірі осы мынау «Қышқала». Бұл негізі «Баршынкент» деп аталады. Орта ғасырдағы Алтын орда заманындағы ең керекті, ең құнды археологиялық ескерткіштердің бірі ретінде осы қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сенат депутаттары Орта ғасырлық қалашықтан табылған жәдігерлермен танысып, археологтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мұнан соң ел ағалары азаттық үшін күрескен қайраткер Мұстафа Шоқайдың ғылыми-мәдени мұрасына арналған конференцияға қатысты. Келелі жиында ғалымдар тарихи тұлғаны дәріптеп, келешекте Шоқай туралы кең көлемде кітап жинағын шығаруды ұсынды.

Дархан Қыдырәлі, Сенат депутаты:

Біз арнайы Шиеліге баруды жоспарлап отырмыз. Сонда жұртшылықпен кездесеміз. Сонымен қатар М.Шоқайдың туып өскен жеріне баруды жоспарлап отырмыз. Жалпы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде көптеген жаңалықтар бар екен. Жаңа нысандар салынып жатыр екен. Осылардың барлығымен таныстық.

Сондай-ақ Сенат депутаттары облыс орталығындағы бірқатар жаңа нысандарды аралады. Жұмысшылармен кездесіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң бағасын берді.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу