1 қыркүйектен бастап коронавирусқа қарсы вакцина салынады. Бүгін арнайы қаулыға қол қойылды. Құжатта медициналық бетперде киіп жүру де талап етілген. Елдегі эпи- ахуал Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауда. Сонымен елімізге ковид қайта келді ме? Жағдай қалай? Қабылданған қаулыда қандай шектеулер бар? Самал Қабышева анықтап білді.
Медициналық бетперде, кіребетістегі сүзгі, антисептик. Коронавирустан сақтанудың талаптары қайта міндеттелді. Қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қабылданған Жаңа қаулыға мынадай шаралар енгізіліп отыр. Яғни, 1 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация салынады;
Медициналық ұйымдардың кіреберісінде «сүзгі» болуы керек. Мамандар бетперде тағуы тиіс және мекемеде антисептик болуы қажет.
Бір жасқа дейінгі сәбилер мен жүкті әйелдерге қызмет бірінші кезекте көрсетіледі. Яғни, олар үйлеріне жедел жәрдемді шақырса мамандар бірінші соларға баруы керек.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:
Көрші Ресей, Еуропа мемлекеттерінде коронавирустық сырқаттың өршуін біз байқап жатырмыз. Қазақстанда да осы шілде айында маусым айымен салыстырғанда біршама коронавирустық инфекцияның өршуін байқап отырмыз. Бұл қаулының негізгі мақсаты денсаулық сақтау ұйымдарын эпидемиологиялық сезонда болатын гриппен, ОРВИ, ковидтің өршуіне дайындалу болып табылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сай, Қазақстанда қазір, эпид-ахуал тұрақты. Жыл басталғалы вирус 1300-ге жуық адамнан анықталған. Бірақ бұл былтырғымен салыстырғанда 8 есеге төмен екен. Ал дерт дендеп, қаза болғандар жоқ. Вирус жеңіл түрде өтуде. Дегенмен босаңсуға болмайды,-дейді мамандар.
Көршілес Ресейде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. 59 өңірде науқастардың саны көбейіп, бір аптада 8000-нан астам адамнан індет анықталған. 14 тұрғын қайтыс болды.
Самал Қабышева, тілші:
Халыққа жаппай медициналық бетперде кию міндеті қойылмайды. Бірақ, сақтанғанды сақтайды деген бар. Сондықтан, мамандар адам көп шоғырланған жерде өз қауіпсіздігі үшін маска тағып жүруге кеңес береді.
Самал Қабышева