Абай облысының аудан мен ауылдарда 50 мектеп қайта жаңғыртылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының аудан мен ауылдарда 50 мектеп қайта жаңғыртылады

16.08.2024

Абай облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп салынып жатыр. Биыл тағы 6-ның құрылысы басталады. Ал кыркүйекте Семей қаласында осы жоба аясында салынып жатқан алғашқы мектеп пайдалануға беріледі. Тамыз кеңесінде жаңа оқу жылына дайындық пысықталып, алдағы міндеттер айқындалды.

Абай облысында интернет жылдамдығы төмен мектептер саны 43% қысқарды. Білім беру сапасын арттыру үшін цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларының озық үлгілерін енгізуге биыл да басымдық беріледі.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Президентіміз «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы», деп атап өткендей, сапалы білімді қамтамасыз етуде, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты жою мақсатында 133 ауыл мектебі Starlink спутниктік жобасы бойынша Интернетке қосылды, облыстың аудан орталықтары мен ауылдарында 50 мектеп жаңғыртылуда.

Оқушылардың заман талабына сай жан-жақты болуы үшін мұғалімдер де үнемі ізденісте болуы шарт. Сондықтан жас мамандардың білімін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді.

Айбота Жұмабекова, Семей қаласындағы №2 мектеп мұғалімі:

Қазіргі заманның баласы бұрыңғы дәстүрлі оқыту бойынша оқуға қызықпайды. Оларды жаңа цифровизация арқылы сабаққа қызықтырып, жаңа мүмкіндіктерді көрсету арқылы, сабаққа баулу, қызығушылықтарын арттыра аламыз. Ол бізге өте көп мүмкіндік береді.

Қауіпсіздік- басты назарда. Облыстағы білім беру ұйымдары бейнебақылау камералары мен турникеттермен жабдықталған. Қазір бақылау камералары полицияның жедел басқару орталықтарына қосылып жатыр. Конференция соңында өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыстың үздік білім беру мекемелері мен мұғалімдері марапатталды. Жеңімпаздар қатарында 28 млн теңгеге сертификат алған Аягөздегі қазақ мектеп-лицейі, Семейдегі Төлеубай Аманов атындағы мектеп, Жарма ауданының Георгиевка секілді бірнеше білім ошақтары бар.

Нұргүл Садықова


Хабарламаларға жазылу