Жамбыл облысындағы тау басындағы көлдің құпиясы көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы тау басындағы көлдің құпиясы көп

16.08.2024

Жаңбыр жауса да суы көбеймейді, қуаңшылықта да азаймайды. Жамбылдағы Меркі ауданында Көккөл деп аталатын керемет көл бар. Ерекше айдын тау басында орналасқан. Түбі жоқ, терең көлдің қайнар көзі қайда екенінде ешкім білмейді. Кезінде көлді айдаһар мекен еткен деген аңыз бар. Ұлттық арнаның түсірілім тобы ерекше экспедицияға қатысып қайтты.

Құлама жар, құзар шыңның басындағы көлге көлікпен жету оңайға соқпады. Алдымызда қауіпті жолы бұралаңдаған Қарақыстақ үстірті. Әйтеуір әрең дегенде жол талғамайтын «жорғалардың» бірі бұзылып, бірі барды. Жергілікті жұрт «Әулие көл» деп әспеттейтін айнадай айдын теңіз деңгейінен 2 600 метр биікте жатыр екен.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Суы тап-таза, тұп-тұнық. Міне биік таудың басындағы әйгілі «Әулие көлге» де жеттік. Бар сырын бойына бүккен астаудай көл жайлы айтылған аңыз да көп. Ертеде адамдар тұмса көлден тылсым дыбыстар еститін болған. Бірі айдынның астынан айдаһар даусын естідік десе, бірі мұны ақырған бураның дауысына балаған екен.

Аңызбен астасқан шағын көлді тау басындағы тоған деуге келеді. Алайда қайнар көзі қайдан келіп жатқаны құпия. Түбі жоқ терең. Суы қысы-жазы бір қалыпты деңгейде. Көлдің өзін өзі тазартып тұратыны таңқалдырды. Желсіз тымықтада тербеліп тұратындықтан көлге түскен кез-келген затты жағаға шығарып тастайды. Қысымы қатты болғандықтан 80-ші жылдары кеңестік ғалымдар айдынның астына түсе алмаған.

Ғалымжан Толғанбай, тарихшы, өлкетанушы:

Тереңдігін зерттеуге түбінде не бар екенін зерттеуге екі сүңгуір келген болатын. Тереңге түсіп бара жатқан кезде бір кезде бір сүңгуірді оқтай атып жіберген болатын. Сондай деректер бар. Тереңдігі зерттелген жоқ, бұл көл әлі күнге дейін құпия болып саналады.

Туристер Көккөлді Шотландиядағы Лох-Несс көліне ұқсатады. Бірақ туристік нысан ретінде бай тарихын баяндауға мықты маркетинг пен жарнама жетіспейтінін айтады.

Мәдина Амангелді, турист:

Мүлде өкінбеймін бұл жерге келгеніме. Әрине жолы қиын болды. Бірақ бұл соған тұрарлықтай жер. Шетелден іздеп жүргенше өзіміздің Жамбыл өңірімізде Мерейлі меркі өлкесінде осындай керемет көлдің бар екенін көп адам біле бермейді. Білетін болса ақырындап өңіріміздегі туризм де дами беретін еді.

Меркі ауылынан 70 шақырым жердегі Көккөлді көруге келетіндер тек ауыл айналасындағы адамдар. Салалық басқарма шетелдіктерге таныту үшін арнайы туристік картаға қосқан. Ал Меркі әкімдігі экстрималды туризмді дамыту мақсатында тас жол төселмейтінін айтып отыр.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу