Ақтөбедегі Жіңішке өзеніне жақын орналасқан тұрғын үйлер жыл сайын суға кетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі Жіңішке өзеніне жақын орналасқан тұрғын үйлер жыл сайын суға кетеді

17.08.2024

Ақтөбе қаласының тұрғындары Жіңішке өзенінің арнасын кеңейтіп беруді сұрайды. Өйткені жағалауға жақын орналасқан тұрғын үйлер жыл сайын суға кетеді. Соңғы екі жылда бұл маңдағы жүзден астам баспанаға су кірген.

 Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл өзен қаланы қақ жарып өтеді. Жағалауында халық тығыз орналасқан. Тұрғындар өз күштерімен арнасын бірнеше мәрте биіктеткен. Алайда одан еш нәтиже болмай тұр.

Қазір өзеннің суы аз. Оның өзі қалың өскен қамыстан көрінбейді. Бірақ көктем сайын су арнасынан асып, жағалаудағы тұғындарды әбігерге салады. Былтыр бұл жердегі 100 баспана бүлінді. Биыл тағы 10-ға жуығы су астында қалды. Көктемде тұрғындар күн-түн демей жағалауды бекіткен.

 Айнұр Ақтанова, қала тұрғыны:
Судың деңгейі басылмай тыныш отыру жоқ. Көктем батыс жақта ұзақ болады. 

Тұрғындар бұл жағдай жыл сайын қайталанатынын айтады. Бұған дейін жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілген. Одан нәтиже аз. Қауіп сейілмегендіктен тұрғындар қала билігінен көмек сұрап отыр.

Мұхтар Жолаушиев, қала тұрғыны:
Көктемде су келген сайын қорқып отырамыз.  Жұрт болып талаптанып, қарсы тұрамыз. Бірақ судың аты су, тілсіз жау. Бізге келіп тұрған өзенді тазалау керек, оны тереңдетіп қазу керек шығар.

Жіңішке өзенінің арнасын кеңейту жұмыстары жүргізілмей, мәселенің толық шешілмейтінін жауапты мекеме өкілдері де мойындап отыр. Сондықтан жағалауды бекіту жұмыстары қолға алынбақ. Ол үшін бюджеттен 34 миллион теңге бөлінген.

 Талғат Наурызов, Қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы:
Мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылып жатыр. Соның ішінде үйінді үю жұмыстарының ұзақтығы 900 метрді құрайды. Жеңіс көпірінен Рысқұлов көпіріне дейін. Сосын Рысқұлов көпірінен теміржолға дейінгі аймаққа үйіледі.Сонымен қатар өзеннің ішіндегі ағаштар, талдар алынатын болады.

Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда алдағы көктемде тұрғындардың қайтадан өзен суымнен алысуларына тура келеді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу