Қызылордада инновациялық шығармашылық орталығының іргетасы қаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада инновациялық шығармашылық орталығының іргетасы қаланды

17.08.2024

Қызылордада инновациялық шығармашылық орталығының іргетасы қаланды. Заманауи нысан ғылыми-техникалық және спорттық сауықтыру бағытында жұмыс істейді. Бүгінде аймақта құрылыс қарқын алып, 133 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Қала орталығынан бой көтеріп жатқан әмбебап кешенде жоба бойынша футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бассейн салынады. Сондай-ақ мұнда оқушылардың білімін жетілдіріп, ғылыми жұмыстармен айналысуына да мүмкіндік болады. Бұл игі істердің бір парасы ғана. Жалпы облыс аумағында биыл 187 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:
 Облысымыздың бюджеті 733 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражаттың ішінде 133 млрд теңгесі құрылыс саласын дамытуға бағытталуда. Біздің құрылысшыларымыздың қолдауымен қаламыздың сәулетіне сәулет қосатын, көркіне көрік қосатын әсем ғимараттар бой көтеруде.

Өңірдің дамуына айрықша үлес қосып, қажырлы еңбек етіп жатқан құрылысшылар мен көлік саласының майталмандары кәсіби мерекеге орай марапат төрінен көрінді. Орталық стадиондағы салтанатты шарада өз ісінің білікті мамандарына мемлекеттік наградалар табысталды. Сондай-ақ, елге сыйлы бірқатар ардагерге «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

  Нұрлан Көшеков, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің иегері:
 Қызылорда өзгеріп келе жатыр. Жол, құрылыс барлық салада үлкен қозғалыс, жақсы жобалар жүріп жатыр. Еліміз дамып, бәріне мүмкіндік беріп қойған.

Думанды кеш мерекелік концертке ұласты. Сахнада отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, стадионға жиналған жұртшылықтың көңілін сергітті.

Ә.Серікұлы


Хабарламаларға жазылу