Маңғыстау облысындағы су тұшыту зауыты тәулігіне 17 мың текше метрге дейін су өңдейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысындағы су тұшыту зауыты тәулігіне 17 мың текше метрге дейін су өңдейді

17.08.2024

Қаражанбас кен орнындағы су тұшыту зауыты енді тәулігіне 17 мың текше метрге дейін су өңдей алады.

Жаңа зауыт – көп сатылы тазалау технологияларын қолдана отырып ілеспе қабат суын қайта өңдейді. Мұнаймен бірге өндірілген су тұшытылғаннан кейін кен орнында техникалық мақсатта, яғни бу өндіру үшін қолданылады. Зауытта бүгінге дейін 6,4 миллион текше метрден аса су тұшытылған.

 Асхат Хасенов: «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы:
 Экологиялық тұрғыдан да, техникалық тұрғыдан да қабат суын тазалап, өзімізді қамтамасыз етіп жатырмыз. Яғни тиімді пайдаланып жатырмыз деп айтуға болады. Бұл Қаражанбас мекемесіндегі серіктесіміз «Сити» компаниясымен бірлесіп жасалған жоба. «Сити» компаниясы мердігер болып, осы зауытты салып, қазіргі уақытта жұмыс жасап жатыр.

 «Қаражанбасмұнай» кен орны осы кезге дейін тәулігіне 21 мың текше метр су тұтынып келді. Ол су Еділден «Астрахань-Маңғыстау» құбыры арқылы келіп жатыр. Жаңа зауыт іске қосылған соң бұл көрсеткіш 21 мыңнан 5 мың текше метрге дейін төмендеді.

Өндірістің іске қосылуы – сумен қамту мәселесінен бөлек «Қаражанбасмұнайдың» өндіріс көлемін арттыруына септігін тигізді. Сондай-ақ «Астрахань-Маңғыстау» магистральды құбыры арқылы келетін суды өңір халқының қажеттілігіне жаратуға мүмкіндік берді. Сондықтан жаңа зауыттың тек кен орны үшін ғана емес, облыс үшін де әлеуметтік маңызы зор.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу