Түркияның бірнеше аймағында орман өрті өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның бірнеше аймағында орман өрті өршіп тұр

19.08.2024

Түркияның бірнеше аймағында орман өрті өршіп тұр. Қатты желдің екпінімен тез жайылған алапат өрт бірқатар елдімекенді де шарпыды. Измир қаласында бірнеше көпқабатты тұрғын үй мен жұмыс орындары отқа оранды. Жүздеген адам қауіпсіз жерге көшірілді. Маниса облысында өрттен бір ауылдың үйлері мен қора-қопсылары түгелдей өртеніп кетті. Жарақат алғандар мен қайтыс болғандар жоқ. Ауыл шаруашылығы және орман министрінің мәліметінше, 5 облыстағы 8 орманда ірі өрт ошағы тіркелген. Қазір олардың бесеуі сөндірілген, үшеуін сөндіру жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл өрттердің барлығы дерлік орманға демалуға барып, от жаққан адамдардың кесірінен тұтанған. Орманда өрт қауіпсіздігін сақтамаған 22 адам ұсталып, олардың тоғызы қамауға алынды.

Ибрахим Юмаклы, Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі:

Өткен бейсенбіден бері 109 орман, 138 дала өрті тіркелді. Осы 247 өрттің 241-і сөндірілді. Қазір адамдарға қауіп төндіріп тұрған ешқандай өрт ошағы жоқ. Дегенмен барлық азаматтарды орманда от жақпауға шақырамын. 15-ші қыркүйекке дейін ормандарда бір шырпы болса да тұтатпауларыңызды сұраймын. Өйткені бір ғана ұшқынның қандай зарар беретінін бәріңіз көріп отырсыздар.

Айдос Әшім

Хабарламаларға жазылу