Қарағанды облысында биыл оннан аса жаңа мектеп салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында биыл оннан аса жаңа мектеп салынып жатыр

19.08.2024

Білім күні жақындаған сайын өңірлерде мектеп құрылысы да қарқынды жүруде. Мәселен Қарағанды облысында биыл 10-нан аса жаңа білім ошағы салынып жатыр. Бұл мектептерде 15 мыңға жуық оқушы білім алады. Бірақ 1-қыркүйекке дейін кейбір мектептердің құрылысы аяқталып үлгермейді.

Қарағанды облысында 2 апатты мектеп бар. Бірі – Қарқаралы ауданындағы Талды мектебі. 2005 жылы сыр беріп, темір құрсаумен қапталған. Ал 2021 жылы «70 пайызға дейін апатты» деген техникалық қорытынды шыққан.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Екіншісі Атамекен ауылында орналасқан мына мектеп. 1957 жылы салынған ғимарат басында пошта бекеті болған. Кейін мектеп білім ошағына айналды. Ал 2021 жылдан бастап апатты деп танылды.

Айған Мусина, мектеп директоры:

Бұл мектепте бізде 7 оқу бөлмесі ғана бар. Міне өздеріңіз көріп отырғандай спорт залымыз кішкентай. Бұл спорт залды мектеп жұмыскерлері өздері салған. Дамыған заманда робототехника, жабдықталған биология, химия кабинеттері бар ғой, заманауи, солар жаңа мектепте ашылып жатыр. Болады деген үміттеміз.

Ең сорақысы қос мектепте де 3 жылдан бері балалар жандарын шүберекке түйіп білім алуда. Екі ауылда да жаңа мектептің құрылысы басталған. Мысалы Атамекен ауылында 150 орынға шақталған білім ошағы бой көтеруде. Оқу ордасы 1-і қыркүйекте пайдалануға беріледі.

Жаңыл Тоқмағанбетова, Атамекен ауылының тұрғыны:

Мына мектеп ашылған соң көп жұмыс болады жастарға деп ойлаймын өзім. Көп отбасы көшіп келіп жатыр. Талдыдан, Шеттен. Ауылымыз үлкейеді деп ойлаймын. Жастарға Мәдениет үйі болсын. Шағын орталық ашылады. Біттей балаларды бұған дейін қасымыздағы Заречный ауылына апарды.

Ал Талды ауылында жаңа мектеп тек 2025 жылы аяқталмақ. Оған дейін оқушылар ескі білім ордасында амалдауға тура келеді. Жалпы облыста 13 мектеп салынып жатыр. Олардың тек 3-еуі білім күні қолданысқа беріледі. Қалғанын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу