Өскемен қаласының ескірген қоғамдық көліктері ауаны ластап, қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Облыстық экология департаментінің қызметкерлері рейд жүргізіп, автобустарды газоанализатормен тексерді. Нәтижесінде, қоғамдық көліктердің тең жартысы ауаға лас газды шекті мөлшерден бірнеше есе көп шығаратыны анықталып, екі ірі автопарк иесіне айыппұл салынды. Экологтардың айтуынша, әсіресе 2000 жылдары шыққан қоғамдық көліктердің техникалық жағдайы өте нашар. Сондықтан мамандар автопарк басшыларына қолданыстағы көне көліктерді тездетіп жаңартуға кеңес берумен келеді.
Баян Байғонысова, ШҚО Экология департаментінің бас маманы:
Қоғамдық көліктердің көбі экологияға қатысты нормативтік талаптарға сай келмейтіні анықталды. Екі күннің ішінде отыздан аса автобусқа полиция қызметкерлері сол жерде хаттама толтырды. Біз енді дәл осындай рейдті үнемі өткізіп тұрамыз.
Олжас Керейхан