Жетісу облысында Талдықорған-Үшарал магистральды газ құбырын тарту жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында Талдықорған-Үшарал магистральды газ құбырын тарту жұмыстары басталды

19.08.2024

Жетісу облысының Достық станциясында жүк тасымалы еселеніп, Қазақстан-Қытай елдері арасындағы тауар айналым артып келеді. Аймаққа іс-сапармен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов көліктік-логистикалық компаниялардың жүк тасымалдау әлеуетімен танысты. «Нұр Жолы кюстом сервис» халықаралық көлік-логистика орталығы Кросс-Докинг технологиясын қолдану арқылы көлік құралдарын есепке алуды автоматтандырды. Тәулігіне 120-200 автокөлік өткізе алатын кәсіпорынның тауар айналымы жылына 1,2 млн тонна. Ал Достық транс терминал кәсіпорны жыл басынан бері 100 мың контейнер қабылдап, өткізген. Премьер-Министр сапар барысында Алакөл кеден бекетінің жаңадан салынып жатқан өткізу пунктінің құрылысына да тоқтады.

Тақан Ғизатов, серіктестік директоры:
Біздің алаңымыз басында 2021 жылы 27 мың шаршы метр болса, қазіргі таңда 70 мың шаршы метрге дейін кеңейтілді. 

Жетісу облысында Талдықорған-Үшарал магистральды газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Шараға Премьер-Министр Олжас Бектенов қатысып, аймақтың газдандыру жұмыстарымен танысты. Жаңа газ құбыры облыстың солтүстік шығысындағы Алакөл, Сарқан, Ақсу аудандарын көгілдір отынмен қамтитын болады. Бұл шамамен 66 елдімекен және 124 мың халық. Магистральды құбырдың ұзындығы 302 шақырым болмақ.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Қазіргі уақытта Жетісу өңірінің газдандыру деңгейі 47 пайызды құрайды. Осы Талдықорған-Үшарал магистральды газ құбырын қосқаннан кейін газдандыру көлемі 90 пайызға жететін болады. Бұл үлкен жетістік. Өйткені осы өңірге 2017 жылы ғана газ келген еді. Осы 7-8 жылдың арасында 90 пайызға жеткізу жетістік болып табылады. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу