Өзбекстанның таулы аймақтарда сел жүру қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанның таулы аймақтарда сел жүру қаупі бар

19.08.2024

Көршілес Өзбекстанда жауын-шашынның мол түсуінен бірнеше облыста су тасқыны болу қаупі бар. «Узгидромет» осындай шұғыл хабарлама таратты. Атап айтқанда, біздің еліміздің оңтүстігімен шектесетін Ташкент, Жызақ облыстарында, Қырғызстанмен іргелес Әндіжан, Ферғана мен Наманған аймақтарында, Қашқадария мен Самарқанда сел қаупі сақталады.

Төтенше жағдай қызметінің өкілдері өңір тұрғындарына тауға шықпауға ескертіп отыр. Еске салайық, шілденің ортасында Әндіжан облысында су тасқыны болып, екі бірдей көпірді қиратып кетсе, осы аймақпен шектесетін қырғыз елінің Ош облысында қатты сел жүріп бірнеше адамның өмірін жалмаған болатын.

Қазақстандық құтқарушылар да селдің астында қалған адамның аман қалуы екіталай екенін айтып, ескерту жасады. Селден тек қашып қана құтылуға болады. Әсіресе, үлкен тастардан аулақ болған жөн. Сел тастарды алыс қашықтыққа лақтырып, адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

Базаргүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу