Декларация тапсыру мерзімінің аяқталуына 1 ай қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Декларация тапсыру мерзімінің аяқталуына 1 ай қалды

19.08.2024

Декларация тапсыру мерзімінің аяқталуына аз қалды. 15 қыркүйекке дейін жеке мүлкі мен табысы туралы деректерді ұсынып үлгермегендер жауапкершілікке тартылады. Міндетті декларацияны биыл құрылтайшылар, кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсыруы тиіс. 

Айя Мүтәлі, тілші:

Жалпыға бірдей декларацияның биыл үшінші кезеңі. Әуелі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсырса, биылдан бастап бұл міндет құрылтайшылар, кәсіпкерлер мен олардың жұбайларына жүктеледі. Алайда, биыл тапсыруы тиіс 2,4 млн адамның 1 млн-ы әлі күнге дейін жеке деректерін ұсынбаған. Сонымен, декларацияны қалай тапсырамыз?

Ол үшін тұрғылықты мекенжайыңызға қарайтын салық мекемесіне баруға болады немесе үйден шықпай-ақ egov.kz порталы немесе E-saluq azamat қосымшасына кіріп, сұрақтарға жауап бересіз. Ал сауалдардың дені қолыңызда бар қаражаттың көлемі, шетелдік банктегі шот, мүлік, жер учаскесі, көлік, цифрлы активтер мен инвестициялық қорлардағы құнды қағаздарға қатысты. Бүкіл деректерді енгізген соң, соңында ЭЦҚ немесе SMS-пароль арқылы қол қоясыз. Бұл форманы әр адам бір-ақ рет толтырады. Ал келесі жылдары тек бір жыл ішінде тапқан табысын көрсетіп отырады. Ерлі-зайыптылар ажырасқан болса да, бүкіл дүние-мүлкі туралы ақпаратты екеуі де енгізуі тиіс.

Ол үшін қыркүйектің 15-іне дейін уақыт бар. Үлгермегендер ескерту алады. Оны елемесе 55 мың теңге көлемінде айыппұл арқалайды. Ал мүлкін жасырып, декларацияны қате толтырғандарға жаза қатаң. Оларға салық сомасының 200 пайызын төлеуге тура келеді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу