«Алтын сақа» олимпиадасы мәресіне жетті. 3-4 және 5-6 сынып оқушылары арасында өткен сайыс математика пәнінен мықтыларды анықтады. Зерек те ерек балаларды марапаттау рәсімін әріптесіміз Қаракөз Тұрмағанбет көріп қайтты.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Мектепішілік, ауыл, қала, аудан, облыстық іріктеулерден сүрінбей өтіп, білім бәйгесінде оза шапқан оқушылар бүгін ұлықталып жатыр. Жүлдеге іліккен 200-дей жас математик өз есімі жазылған тақтаның жанында естелікке суретке түсіп, сый-сияпат пен марапатқа ие болды.
Нұрайна Мұрат, «Алтын сақа» олимпиадасының 3-орын иегері:
Мен БҚО, №42 мектеп оқушысымын. Анаммен және ағаммен пойызбен екі күн Астанаға жүріп келдім. Үшінші орын алдым. Маған осындай грамота, наушник және медаль берді.
Былтыр қазан айында бастау алған олимпиадаға биыл 290 мыңдай оқушы қатысқан. Бұл жолғы байқауда Абай облысының балалары алғаш рет бақ сынады.
Батырхан Төлеуханов, 5-сынып оқушысы:
Осы олимпиада өте қызық болды, өйткені шытырманды, логикалық тапсырмалар болды. Алтыншы сыныптың басындағы, ортасындағы тақырыптарды қамтыды.
Елназар Құсманов, 4-сынып оқушысы:
Математикалық жарыстарға үшінші сыныптан бастап қатысып жүрмін. Осы Алтын сақаға алғаш рет қатысып отырмын.
Әділхан Қуанышов, 4-сынып оқушысы:
Бұл олимпиада жаңа тақырыптарымен ұнады маған. Және де мен мына жерде көптеген балалармен танысып алдым.
Орын алған балаларға ақшалай ынталандыру сыйақысы берілсе, бас жүлде иегерлеріне 15-ші айфон смартфоны тарту етілді.
Алдияр Анарбай, «Алтын сақа» олимпиадасының бас жүлдегері:
Мен үшінші сынып оқушысымын. Жасым тоғызда. Менің ата-анам математиканы жақсы оқыған. Мен де математика пәніне қызығамын. Менің мақсатым - бүкіл әлемге өз білімімнің арқасында әйгілі болу.
Ырысбек Мәуіт, «Алтын сақа» олимпиадасының авторы, математик:
Өткенде ғана екі шәкіртім Америкадан келіп, амандасып кетті. «Алтын сақа» олимпиадасының ең алғашқы жеңімпаздары екен. «Алтын сақаға» қатысқанның арқасында біз өзімізді білдік, таныдық, ары қарай талпындық деді. Соның арқасында біреуі Американың Мичиган университетінде оқып жатыр және әлемдік ондыққа кіретін университеттерде оқып жатқан шәкірттеріміз бар.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Жас математиктерді олимпиадаға дайындаған әдіскерлер де ақшалай сыйақыға ие болды. Жеке инвесторлардың қаржылай қолдауымен өткен жарыстың жалпы жүлде қоры 17 млн теңгені құраған.