Премьер-министр: Маймыл шешегіне байланысты бақылауды күшейту қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр: Маймыл шешегіне байланысты бақылауды күшейту қажет

20.08.2024

Маймыл шешегінің қаупіне байланысты еліміздегі әуежайлар мен шекарада бақылауды күшейту қажет. Олжас Бектенов бүгін Үкімет отырысында жауапты министрлерге осындай тапсырма берді.

Елімізде бүгінде бұл кеселді жұқтырған науқас тіркелмеген. Соған қарамастан босаңсуға болмайды, - деді Премьер-министр. Себебі жаһанда маймыл шешегі өршіп келеді. Эпидемиялық ахуал әсіресе Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикаларында мәз емес. Қазір қауіпті аймақтардан келген азаматтар ерекше бақылауға алынған.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл індеттің ел аумағында таралу қаупі төмен. Дегенмен ведомства түрлі сценарийге дайын. Дәрілік препараттардың қорын толтырып, емдеу әдістеріне дайындық жүріп жатыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Әзірге алаңдауға негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бір де бір дерегі тіркелген жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу