Петропавл тұрғындары қоқысты тәттіге, полиэтилен пакеттерді матадан тігілген сөмкелерге айырбастады. Тек жаяу жүргіншілерге арналған көшеде «Таза Қазақстан» жобасы аясында акция ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау. Шараға 100 адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, бюджеттік сала қызметкерлері, жастар, еріктілер мен қоғам белсенділері бар. Олар көшеде полиэтилен пакет ұстап келе жатқан тұрғындарға матадан тігілген сөмкелер мен қағаздан жасалған экологиялық пакеттер ұсынды. Сонымен қатар акцияға қатысушылар ядролық апат құрбандарына арналған ескерткіш алаңын жинады.
Жұлдыз Тоқтарғазы, СҚО Жастар ресурстық орталығының маманы:
Бұл үлкен теңізге құйған тамшыдай ғана екенін біз білеміз. Бірақ, дейтұрғанмен, осындай 100 адам, 150 адам болса да, аз ғана халық болып елдің санасына жеткізгіміз келеді.
Дәл осындай шара Түркістан облысы Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында өтті. Акция аясында мәдени шаралар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Жалпы сенбілікке аудан бойынша 500-ге жуық адам мен арнайы техника жұмылдырылды. Көшелер мен саябақтардан 15 тоннаға жуық күл-қоқыс жиналды.
Эльмира Кәленова