Қызылорда облысында үздік мектепке 34 миллион теңге табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында үздік мектепке 34 миллион теңге табысталды

20.08.2024

Қызылорда облысында «Үздік орта білім ұйымы» жобасында жеңімпаз атанған №201 мектеп-лицейіне 34 миллион теңге табысталды. Аймақ педагогтерінің тамыз мәслихатында алдағы оқу маусымындағы міндеттер айқындалып, шәкірті озған ұстаздар сый-құрметке бөленді.

Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Сыр өңірі ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткішімен елімізде көш бастады. Мектеп бітірген түлектердің басым бөлігі ЖОО грантын иеленді. Бұл аймақ ұстаздарының еселі еңбегінің жемісі. Бүгінде мектептерді заман талабына қарай жабдықтау үшін жергілікті билік тарапынан айрықша қолдау көрсетіліп келеді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Ағымдағы жылы интернет жылдамдығы әлсіз 41 мектепке жергілікті бюджеттен 460 миллион теңге қаржы бөлініп, «Стар линк» спутниктік жүйесі орнатылды. Облыстың 124 мектебінде робототехника кабинеттері ашылып, үйірмемен 25 мыңнан астам бала қамтылды.

Алқалы жиын барысында білім бәйгелерінде шәкірті озған ұстаздар марапат төрінен көрінді. Бірқатар мұғалімге ең жоғары «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. Ал Жалағаш ауданындағы 201 мектеп-лицейі облыстағы ең үздік білім беру ұйымы атанып, 34 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Асқарбек Есжанов, Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы:

Өткен жылы пәндік олимпиада қорытындысымен республикада облыс жаратылыстану-математикалық бағытта ең үздік командалық екінші орын, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша үшінші орында. Биыл алғаш рет өткізілген ауыл мектебі оқушылары республикалық олимпиадасында 26 оқушы жүлдегер атанып, ең үздік олимпиадалық 2024 командасы атанды.

Жаңа оқу маусымында облыс мектептерінде 184 мың оқушы білім алады. Солардың ішінде 17 333 бала бірінші сыныпқа қабылданады. Сондай-ақ Сыр өңірі бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен де қамтып отырған облыс. Оған биыл да бюджеттен 9 миллиард теңге бөлініп отыр.


Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу