Жыл басталғалы өндірістік жұмыс орындарында 109 жұмысшы қайтыс болып, 809 адам жазатайым жағдайға тап болған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері айтты. Зардап шеккендер мен марқұмдардың отбасына жұмыс беруші тарапынан бөлек мемлекеттен және сақтандыру компанияларынан да өтемақы берілген. Жалпы мұндай жағдай болған кезде Еңбек инспекциясы мен 1414 call-орталыққа хабарласу керек дейді жауаптылар. Жұмыс орнындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мақсатында министрлік әкімшілік жауапкершілікті күшейту бойынша ұсыныс дайындаған. Құжат таяуда Мәжіліс қарауына жіберілмек.
Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары:
Қазіргі таңда жазатайым оқиға болса, бізде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік айыппұл туралы айтатын болсақ, қазіргі кезде ең көп көлемі 1 миллионнан асады, 1 100 000 теңге болады. Оған қоса Қылмыстық Кодекске сәйкес 7 жылға дейін қамалады.
Бұған дейін зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін 9 мыңнан астам қазақстандыққа арнайы әлеуметтік төлем тағайындалғанын айтқан едік. Оның жалпы сомасы - 1,7 миллиард теңге. Әр адамға шаққанда төлемнің орташа мөлшері шамамен 208 мың теңге.
Жалпы төлемді алу үшін 11 мыңнан аса адам тіркелген. Қазір 502 жұмысшының өтінімі қаралып жатыр. 400-ге жуық адамның өтініші мақұлданбаған. Министрлік оның себебі қызметкердің 55 жасқа толмағаны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында соңғы 7 жылда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының болмауы деді.
Асылбек Данияр