Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көршілес Өзбекстан елінен 120-ға тарта спортшы қатысады. Олар 14 түрлі бағыт бойынша бақ сынамақ. Әсіресе ат үстіндегі сайыстар, оның ішінде көкпар ойыны, садақ ату, арқан тарту, жекпе-жек, қазақ күресі мен өзбек курашы секілді жарыс түрлері бар. Өзбекстан дүниежүзілік көшпенділер ойыны басталғалы бері тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл елдің спортшылары халықаралық сайыстан жүлдесіз қайтпаған, негізінен күрес аламанында қоржынға талай медаль салған. Бауырлас елдің ұлттық құрамасы бұл жолы да жүлделі орындарға таласамыз деп отыр.
Орхан Кападзе, Өзбекстан этноспорт қауымдастығының бас хатшысы:
Ұлттық спорт біздің тарихымызбен тығыз байланысты, қандай да бір сайыс түрін «бұл қазақтың немесе өзбек халқының спорты» деп бөлу дұрыс емес. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы көрші болып, тату- тәтті өмір сүрді. Көшпенділердің бүгінгі ұрпағы осындай сайыстар өткізу арқылы мәдени құндылықтарды сақтап келеді, бұл өте қуанарлық жағдай.