Душанбеде Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Душанбеде Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды

21.08.2024

Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. Ұлы ойшылдың бюсті қаланың орталығында Фирдауси саябағында орналасқан. Мүсін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжік еліне сапары аясында бой көтерді. 

Президент сапары қарсаңында Душанбеде бірқатар ресми және мәдени шаралар өтіп жатыр. Оның ішінде қазақ өнерпаздарының концерті, бизнес форумдар, жәрмеңкелер де бар. Бастыларының бірі Абай Құнанбайұлының ескерткішінің ашылуы. Оны екі елдің Мәдениет министрлері салтанатты түрде ашты.

Бюсттің биіктігі 3 метрге жуықтайды. Туындының авторы мүсінші Хушвахт Садиевтың айтуынша, ол әуелі Абайдың өмірімен және шығармашылығымен терең танысқан. Ұлы ақынның қаншалықты биік тұлға екенін таныған сайын мойнымдағы жауапкершіліктің де ауырлай түскенін байқадым, -  дейді ол.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Бұл біз үшін жай ғана маңызды шара емес. Екі ел арасындағы рухани және мәдени ынтымақтастықты арттырудың мүмкіндігі. Біздің тарихымыз да, әдебиетіміз де бір-бірімен ұштасқан. Осы сабақтастықты ары қарай жалғау біздің міндетіміз.

Расында, тәжік жазушылары Абай Құнанбайұлымен бала кезден таныс екендерін және оның өлеңдері мен жеткізген ойлары шығармашылық жолды таңдауға түрткі болғанын айтады.

Бахтиер Муртаза, Тәжікстанның халық жазушысы:

Мен Абайдың кітаптарын оқушы кезімнен бастап оқыдым. Абайды түсіну үшін айтылған оқиғаны ғана емес кітаптың толық мазмұнын түсіну керек. Өйткені Абай адамзатты дұрыс өмір сүруге тәрбиелейтін ұлы тұлға.

Сондай-ақ алдағы бірнеше күнде қазақ-тәжік қатынастарына тың серпін беретін шаралар мен келісімдер болады деп жоспарланған.

Сайфулло Сафаров, Тәжікстан ұлттық саясаттанушылар бірлестігінің төрағасы:

Біз бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасып келеміз. Бұл жылдар бойы жалғасып келе жатқан үрдіс. Біраз ауқымды жобаларға Қазақстан бастамашылық етті. Әлі де үйренеріміз көп деп ойлаймын. Сондықтан екі ел арасындағы байланысты тереңдете түсу біз үшін аса маңызды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазақ-тәжік дипломатиялық байланысы ресми 1993 жылы орнатылды. Содан бері күн санап артып келеді. Ал жаһандағы жағдайдың жылдам өзгеруіне байланысты осы байланысты ары қарай түрлендіре түсудің қажеттілігі туындап тұр. Президенттің ертеңгі сапары екі ел арасындағы алыс-берісті арттырып қана қоймай өзге елдермен ынтымақтаса жұмыс істеудің жаңа сатысы болмақ. 

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу